Аудан бойынша биыл 671 гектарға қант қызылшасы орналастырылды. Бүгінде бабына келген балтамырды жинау жұмысы қарқын алған. Биыл да жылдағы дәстүр бойынша «Қызылдиқан» өндірістік кооперативінің қызылшашылары алғаш болып қазық жұмысын бастап отыр.
Аудан орталығынан 7-8 шақырым жердегі Көлқайнар ауылдық округіне тән «Қызылдиқан» өндірістік кооперативіне тиесілі 100 гектар қызылша алқабында кешелі бері нағыз қарбалас шақ туған. Еңбек майданының алғы шебінде жүрген техникалардан көз тұнады. Сонау бір жылдардағыдай емес, мұнда адам қарасы аз көрінді. Бақсақ, бәрін техника атқарады екен. Әлгінде, осында келе жатып қызылша тиеген 2 камаз тіркемесімен және 1 Газ-53 жүк көлігі Тараз қаласын бетке алып барады. Алқап басына таянғанда тағы 3 Камаз (бәрі де тіркемесімен) алқап басында өз кезектерін күтіп тұрса, алқап ішінде 2 жүк көлігі балтамырды қораптарына жүктеп алуда.
Бұл техникаларға жапырақ кескіш агрегатты соңынан ілестірген МТЗ-82 тракторын, жүйектегі қызылшаны тікелей көлік қорабына артатын 2 агрегатты және қызылшасы аршылып алынған жердегі масақты жинап жүрген бір МТЗ-82 тракторын қосыңыз. Айтпақшы, қызылша алқабына кіре берістегі жолдың оң қапталының тегістеу жеріне тау болып үйіліп қызылша төгіліпті. Мұнда да бір МТЗ-80 тракторы мен екі қызылшашы жүр.
Кейін білдік, мұнда төгілген тәтті түбірді қызылша таситын көліктер кезек күтіп қалмасын деген оймен осында төгіп жатса керек.
Қызылдиқандықтардың қимыл-қарекетіне тамсана қарап тұрғанымызда қасымызға таянған өндірістік кооперативтің төрағасы Нуритдин Бегмановты сөзге тарттық:
– Қазық жұмысын кеше ғана бастадық. Алғашқы күні аршылған қызылшаны бүгін таңертең сағат 9.00-де қант зауытына апарып өткіздік. Өткізілген тәтті түбірдің салмағы 100 тоннадан асты. Бүгінгіміз одан да асып түсетін шығар. Өздеріңіз көргендей, бір сағаттың ішінде төрт-бес Камаз тіркемесімен Тараз қаласына қарай жол тартты. Қас қарайғанша тасымалдау жұмысы тоқтамаса, қазық жұмысы қысқа мерзімде аяқталатын шығар.
Негізі, егілген қызылша 100 гектарды құраса, оның 60 гектарына тамшылатып суару жүйесі қолданылған, 40 гектары арық арқылы су ішті. Дегенмен, судың тапшылығынан 40 гектардағы қызылшамыз қанып су ішпеді. Бұл уақытта 7-8 рет су ішу керек еді. Оның үстіне жаңбыр да жаумады. Алқап 4-5 мәрте ғана су ішті. Өткен жылғы өнімді ала алмаймыз ба деп қорқамын. Бірақ, тамшылатып суарылған 60 гектарымыз, шүкір, мол өнім береді деп күтілуде, – деді.
Мұндағы түбірдің түп байлауында мін жоқ.
Маңайдағы қозғалысқа көңілі толса керек, аудан әкімі Сәкен Арубаев: – Нұреке, тындырымды тірлігіңізге риза болып тұрмын. Сіздің шаруашылығыңыз қай істе де алда келеді. Жүйелі жұмыс жемісін береді дегеніміз осындай-ақ болар, – деді шаруашылық басшысының қолын алып жатып. Осы тұста аудан басшысының сөзін жалғай түскен аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы: – Осы қарқыннан таймаса, шаруашылық қызылшасын күннің суығына ұрындырмай, жерде масақ қалдырмай қант зауытына өткізеді деп сенемін, – деген.
Біз қайтар тұста ойымызды айтқызбай ұққан шаруашылық жетекшісі Нуритдин Бегманов: – Бүгін таңертеңгісін және бүгінгі кешке дейін өткізген шикізатымыз 250 тоннадан асты. Қанттылығы жоғары, сапалы. Әр гектардан орта есеппен өніміміз 600 центнерден айналуда. Бұл жаман көрсеткіш емес. Егер, тамшылатып суарылған алқапта қазық жұмысы басталса, өнім мұнан да асып түсетініне шүбә келтірмеймін, – деді қуанышты күйде.
Сол күні аудан басшысы Сәкен Қаланұлымен бірге орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев, аудандық фермерлер одағының төрағасы Аманалы Құрбанов және ауыл әкімі Асылбек Қонаров ілесіп жүрді.