Бір шәугім шай: Қытайдағы қандастарымыз шайды брендке айналдырды

0 39

Қазақ халқы үшін шайдың орны бөлек. Өзге ұлттарда шай ішпейтін адамдар болуы мүмкін, алайда қазақ арасында шай ішпейтіндер кемде-кем. Жалпы шай ішу дәстүрі ежелгі Қытай елінен бастау алғаны белгілі.

Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпарат порталының тілшісі Шыңжаңдағы қазақтардың қазақы шайды қалай дайындайтыны, аталған сусынға қазіргі уақытта қоғамның сұранысы қалай — сол туралы шағын бейнеролик жариялады.

«Шай — уақыт өткен сайын жаңарған Қытайдың мемлекеттік сусыны, шай — әр ұлт халқының өзара тоғысуының тарихи айғағы. Орталық радиотелевизия бас стансасының ұлттық тіл бағдарлама орталығы қысқа кескінді желілес бағдарлама дайындады. Бүгін осы бағдарламаның „Бір шай“ деген бөліміне назар салыңыздар. Мен қазір Іле қазақ автономия облысында тұрмын, бүгінгі әңгімеміз кең байтақ қарлы даладан басталады» деп басталады видео.

Тілші қарлы даладағы қазақтың киіз үйінің алдында сүт пісіріп жүрген қазақ әйелімен сөйлеседі.

Қазақы киім киген сүт пісіріп тұрған келіншек, өзінің таңертеңгі шайге қосатын сүт дайындап жатқанын, бұл сүттің қаймағы қалың екенін, ал қаймағы қалың сүтті шайге қоссаң өте дәмді болатынын айтады.

Бұл бейнероликте Қытайдағы қазақ шайхана қызметкері бір күнде 2 мың кесе шай сатылатынын айтады.

Кезекті көрсетілімінде тілші қаладағы арнайы қазақша шай беретін шайханаға келеді. Онда жұмыс істейтін даяшы дәмханада таңғы шайдан бастап кешке дейін клиенттердің аяғы үзілмейтінін айтады.

Оның айтуынша, қазақтың шайханасына сүт қосылған шайды бауырсағымен ішу үшін әр ұлт халқы тұрақты келіп тұратынын, сондай-ақ туристердің қызығушылығы жақсы екенін, тіпті кейбірі қазақы шай ішу үшін арнайы іздеп келетінін тілге тиек етеді.

шай
Фото: видеодан алынған скрин

Шайхана қызметкерінің мәліметінше, олар күніне 2000 кесе шай дайындайды. Оған 40-50 литр көлемінде сүт кетеді. Мұндағы қазақтың сүтті шәйіне қазақы бауырсақ, жент, сары май секілді әртүрлі ұлттық тағамдарды да өздері жасайды.

Тілші келесі көрсетілімін қала ортасында орналасқан қазақ киіз үйлеріне барып жалғастырады. Ондағы тақырыпта да ұлтымыздың шай мәдениетінің бүгінгі беталысын көпшілікке көрсету екенін айтады.

Қазақ үйлерінің алдынан күтіп алған Жеңісгүл Нұрданақын атты кәсіпкер қандасымыз оны үйге кіріп шай ішуге шақырады.

Тілші киіз үйге барған соң үйдің өте сәнді жасалғанына таңданысын жасыра алмайды. Кәсіпкер Жеңісгүл Нұрданақын шайын құя отырып, бұл сәнді қазақ үйлер арнайы шеберлердің қолынан шыққанын, сонымен қатар ол қазақ үйде шайды қалай әзірлейтінін көрсетеді.

Ж. Нұрданақын Шыңжаңдағы қазақтар шайының бірқанша түрі барын, сондай-ақ шайды қалай дайындайтынын тілшіге көрсетеді.

шай
Фото: видеодан алынған скрин

«Күрек шай», «қызыл шай», «тас шай», «тары шай», «ұн шай», «қалампыр шай», «қара шай» және «сүтті шай» қатарлы алуан түрі бар. Сонымен қатар шай беру құрметтің, ілтипаттың белгісі саналады. Адам жақсы асын жақсы көретін адамына арнайы дайындап, қонаққа шақырады. Мысалы, қазіргі ортамызда жалпыласып кеткен «туыстар шайы», «құдалар шайы», «келін шайы» деп көптеген түрлерге бөлініп кетуі де сол шайдың ұлтымыз мәдениетіне сіңіп бара жатқанын көрсетеді», — дейді кәсіпкер.

Шай Шыңжаңда шыға бастаған кезден-ақ тез тарады. Соған сәйкес осынау байтақ даладағы қазақ халқы да ақ шайдан (сүтті шайдан) айырыла алмайтын, қазіргі уақытта қалаға көшіп келсе де, әуелі шай ішпесе тұра алмайтын әдет қалыптасты.

шай
Фото: видеодан алынған скрин

«Уақыт керуені аялсыз алға тартып, бүгінге жеткен шақта шай мәдениеті қазақ халқының салт-дәстүрінің, қонақ күту жол-жорасының, тұрмысының барлық саласына терең сіңіп, бөгенайы қазақы ерекшелікке шай мәдениеті қалыптасты» деп түйіндейді тілші.

Әрі қарай Серік Нүсіпқан атты әнші қандасымыз бүгінгі тақырыпқа орай «Бір шәугім шай» әнін орындап берген.

шай
Leave A Reply

Your email address will not be published.