Қаржы нарығындағы ахуал туралы

0 21

2017 жылы Қазақстанда инфляциялық үрдістер Қазақстан Ұлттық Банкінің күтулеріне сәйкес қалыптасты.Еліміз бойынша жылдық инфляция 7,1% деңгейінде қалыптасты, ол өткен жылғы деңгейінен төмен (8,5%) және Ұлттық Банктің 2017 жылға белгіленген 6-8%-ды құрайтын нысаналы дәлізіне сәйкес келеді.

Инфляцияның баяулауы байқалды, ол Ұлттық Банктің болжамды және бейімделген ақша-кредит саясаты және әлемдік тауар және азық-түлік нарықтарындағы тұрақты ахуал жағдайларында орын алды. Ол туралы базалық инфляцияның құбылмалы құрауыштарды (жеміс-көкөніс өнімі, энергия тасымалдауыштары және реттелетін қызметтер) ескермейтін көрсеткіші куәландырады. Еліміз бойынша бұл көрсеткіш өткен жылы 8,9%-дан 6,2%-ға төмендеді.

Жамбыл облысы бойынша жылдық инфляция деңгейі (2017ж. желтоқсаны 2016ж. желтоқсанына) 7,2% деңгейінде қалыптасты (2016 жылы – 8,4%). Жемістер мен көкөністер, бензин және көмір бағасының өсуін ескермейтін базалық инфляцияның көрсеткіші 2017 жылдың соңына 6,6% құрады (2016 жылы – 8,4%).

Мемлекет бойынша да, облыс бойынша да инфляция құрылымында ең көп қымбаттаған азық-түлік емес тауарлар – облыс бойынша жылдық көрінісінде 8,9% (мемлекет бойынша – 8,9%), облыс бойынша азық-түлік тауарларына және төлем қызметтеріне бағалардың жылдық өсуі сәйкесінше 6,4% және 6,5% құрады (мемлекет бойынша — сәйкесінше 6,5% және 5,9%).

2018 жылы Ұлттық Банк жылдық инфляцияның біртіндеп баяулауын күтеді және 2018 жылға 5-7% мөлшерінде барынша төмен нысаналы бағдарды белгіледі.

Бұдан бұрын бірнеше рет аталып өткендей, Ұлттық Банкпен 2016 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстандағы инфляциялық күтілулерді өлшеуге бағытталған халыққа сауал жүргізілуде.

Ай сайындық сауалнама ересек халықтың арасында телефонмен сұхбат алу арқылы жүзеге асырылады. Бұл сауалнамаға 1500 сұхбаткер қатысады.

Осылай, 2017 жылғы желтоқсанда халыққа сауалнама жүргізу нәтижелері бойынша бір жылдан кейін күтілетін инфляцияның сандық бағасы 6,9%-ға дейін төмендеді.

2017 жылы Ұлттық Банк үш рет базалық мөлшерлемені жыл басындағы 12%-дан жыл соңындағы 10,25%-ға дейін төмендетті. 2018 жылғы 15 қаңтарда Ұлттық Банк +/-1% ауытқу дәлізімен базалық мөлшерлемені 9,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Базалық ставканы енгізген сәттен бастап алғаш рет оның деңгейі бірмәнді шамаға жетті. Базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім 2017 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейінің болжанған деңгеймен салыстырғанда айтарлықтай төмен нақты деңгейіне, инфляциялық процестер одан әрі баяулайды деген бағаларға, ішкі сұраныстың әлсіз қалпына келуінің сақталуына, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы үрдістердің қолайлы болуына байланысты.

Ақша-кредит талаптарын жұмсартуға деген одан арғы үрдіс әлемдік

нарықтардағы және сауда әріптес елдердегі жағдайларға, отандық экономикада инфляцияның болжамды және нақты траекториясының сәйкестігін айқындайтын жағымды үрдістердің орнығуына байланысты болады.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2018 жылғы 5 наурызда Астана уақытымен сағат 17:00-де жарияланады.

2018ж. 31 қаңтардағы жағдай бойынша облыста 13 УБ филиалдарының және 27 уәкілетті ұйымның 113 айырбастау пункті қызмет етеді.

2017ж. желтоқсан айында облыстағы айырбастау пункттері тұрғындардан 6,9 млн. АҚШ долларын сатып алған, ол 2016 ж. сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,4% аз. Сонымен бірге, 0,2 млн. еуро (48,7% аз) және 68,2 млн.ресей рублі (33,4% азайған) сатып алынған.

2017ж. желтоқсан айында облыстағы айырбастау пункттері тұрғындарға 12,5 млн. АҚШ долларын сатқан және ол 2016ж. желтоқсан айымен салыстырғанда 6,5% аз. Бұдан басқа, тұрғындарға 0,5 млн. еуро (63,3% аз) және 171,1 млн. ресей рублі (14,3% көбейген) сатылған.

2018ж. 1 ақпандағы шетел валютасының ресми бағамы:

АҚШ доллары – 1 АҚШ доллары үшін 322,90 теңгені;

Еуро – 1 еуро үшін 402,08 теңгені;

Ресей рублі – 1 ресей рублі үшін 5,75 теңгені құрады.

2018 жылғы қаңтар айының басынан теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 319,83 — 333,29 теңге аралығында өзгерді. 30.01.2018ж. Қазақстан қор биржасындағы екі сессияның қорытындысы бойынша, теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы 322,43 теңгені құрады, айдың басынан 3,3% нығайған.

Сыртқы валюталық нарық тұрғысынан маңызды оқиғалар АҚШ-тың экономикалық шолуын жариялау (“Ақшыл сары кітап”), ЕОБ өкілдерінің АҚШ-тың экономикалық тұрақтылығы және монетарлық саясатқа қатысты түсініктемелері, Қытай ІЖӨ-нің өсуі бойынша экономикалық деректер болды. Осы факторлар АҚШ доллары бағамының әлемдік нарықтарда әлсіреуіне әкеліп соқты.

Қазақстан Ұлттық Банкі валюта нарығындағы жағдайды қадағалауды жалғастырады және өзіне артық құбылмалылықты теңестіру бойынша шараларды қабылдауға құқысын қалдырады. Осыған байланысты, үздіксіз

жұмысты қамтамасыз ету және халықтың арасында дүрлігуге жол бермеу мақсатында, ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының қызмеркерлерімен қолма-қол шетел валютасы нарығындағы жағдайды қадағалау бойынша жұмыстар (мониторинг) тұрақты негізде жүргізіледі.

2018ж. 31 қаңтардағы сағат 14:00 жағдай бойынша облыстағы айырбастау пункттерінде сатып алудың және сатудың орташа бағамы 1 АҚШ доллары үшін 320,82 және 324,33 теңгені; 1 еуро үшін 395,18 және 400,39 теңге, ал 1 ресей рублі үшін 5,64 және 5,79 теңгені құраған.

Облыстағы айырбастау пункттерінде Ұлттық Банк белгілеген сатып алу бағамы мен сату бағамы арасындағы айырмашылық АҚШ доллары бойынша – 6 теңгеден, еуро бойынша – 7 теңгеден аспайды.

Жалпы, жағдай тұрақты, халық арасында дүрлігу байқалмайды, айырбастау операцияларын жүргізу үшін айырбастау пункттері жеткілікті көлемде қолма-қол шетел валютасымен қамтамасыз етілген.

2018 жылғы 1-ші қаңтардағы жағдай бойынша Жамбыл облысының екінші деңгейдегі банктерінің филиалдарындағы депозиттердің көлемі өткен жылдың сәйкес күнінің көрсеткішінен 17%-ға немесе 18,3 млрд.теңгеге артып, 125,9 млрд. теңгені құрады. Депозиттер көлімнің өсуіне себепші болған депозиттердің теңгелік бөлігінің 33,3%-ға немесе 21,3 млрд. теңгеге көбеюі. Шетел валютасындағы депозиттер 6,9%-ға немесе 3 млрд. теңгеге азайды.

Аталған өзгерістердің нәтижесінде долларландырудың деңгейі 2016 жылғы желтоқсан айындағы 40,5%-дан 2017 жылдың соңындағы 32,3%-ға дейін, заңды тұлғалар депозиттерінің долларландыру деңгейі – 43,4%-дан 21,2%-ға дейін, халықтыкі – 40,2%-дан 33,3%-ға дейін төмендеді.

2017 жылы Жамбыл облысының екінші деңгейдегі банктерімен берілген несиелер көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 56,1%-ға артып, 154,1 млрд. теңгені құрады. Несиелердің негізгі бөлігі ұлттық валютада берілген (99,8%). Жеке тұлғаларға берілген несиелердің көлемі 48,9%-ға өсіп, 112,7 млрд. теңгені құрады. Заңды тұлғаларға 41,4 млрд. теңге несие беріліп, 2016 жылдың қаңтар-желтоқсанымен салыстырғанда 80%-ға өсті.

Сонымен қатар, шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелендірудің өсуі байқалуда. 2017 жылы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 29,8 млрд. теңге несие берілді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 50,5%-көп.

2017 жылғы желтоқсанда несиелер бойынша орташа мөлшерленген сыйақы ставкасы 15,8%-ды құрады (2016 жылғы желтоқсанда – 16,6%). Ұлттық валютада 0,9%-ға төмендеп, 15,8%-ды құрады, шетел валютасында 1,3%-ға төмендеп, 11,3%-ды құрады.

Несиелер құрылымының салалар бойынша кесінінде несиелердің ең көп көлемі саудаға (11,7%), құрылысқа (5,3%), өнеркәсіпке (5,0%), ауыл-шаруашылығына (2,9%) және көлікке (0,6%) тиесілі.

2017 жылдың соңына несиелер қалдығы 177,7 млрд. теңгені құрады, бұл 2016 жылдың соңымен салыстырғанда 17,1%-ға көп.

Облыстың несиелік портфелінде несие беру объектілері бойынша азаматтардың тұтынушылық мақсатына берілген несиелер басым (жалпы несие көлемінен 54,6% немесе 97 млрд. теңге).

Сондай-ақ, несиелер бойынша мерзімі өткен қарыздың азаюын айта қеткен жөн. 2017 жылғы 1 қаңтарға ЕДБ несиелері бойынша мерзімі өткен қарыз 16,1 млрд.теңгені немесе жалпы несиелердің көлемінен 10,6% құраса, ағымдағы жылдың 1 қаңтарына бұл көрсеткіш 15,6 млрд.теңгеге дейін төмендеді (жалпы несиелердің көлемінен 8,8%).

2017 жылы Ұлттық Банк қаржы секторын «жеңілдету» шеңберінде Банк секторының орнықтылығын арттыру бағдарламасын іске асырды.

Бағдарлама шеңберінде Казкоммерцбанк балансы БТА Банк қарыздарынан тазартылды, қосымша провизиялардың қажетті деңгейі қалыптастырылды, бес қатысушы банкке (АТФ Банк, Еуразиялық Банк, Цеснабанк, ЦентрКредит Банкі, Bank RBK) 650 млрд. теңге сомада қаражат берілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан халқына жолдау шеңберінде Ұлттық Банк ағымдағы экономикалық ахуалды ескере отырып банк секторының жұмысын қайта құру мәселесін пысықтауға кірісті. Осы жұмыс шеңберінде тәуекелге бағдарланған қадағалау енгізіледі. Реттеуші провизияларға оралу және банктерді жаңа МСФО-9 халықаралық қаржылық есептілік стандартына бейімдеу 2018 жылғы жұмыстың негізгі бағыттары болады, бұл экономиканың нақты секторын қорландыру бойынша міндеттерді іске асыру мүмкіндігіне алып келеді.

Сақтандыру нарығын дамыту үшін заң жобасы әзірленді, ол сақтандыру қызметтерінің сапасын, қолжетімділігін арттыруға және құнын төмендетуге бағытталған.

Сонымен қатар, бағалы қағаздар нарығын қайта іске қосу шеңберінде Үкімет пен Ұлттық Банктің қор нарығын дамыту жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды. Онда бағалы қағаздар нарығын қалыпқа келтіру және қайта іске қосу бойынша бірінші кезектегі шаралар айқындалған. Бірқатар шара іске асырылды. Бұл бағытта одан әрі белсенді жұмыс жалғасуда.

Жамбыл облысында бүгінгі күні екінші деңгейдегі банктердің 15 филиалы қызмет атқарады. Сақтандыру нарығында сақтандыру компанияларының 19 филиалы жұмыс істейді. Сондай-ақ, 2 микроқаржы ұйымы мен 1 коллекторлық агенттік өзінің қызметін жүзеге асыруда. Валюталық нарықта 13 ЕДБ филиалының және 27 уәкілетті ұйымның 113 айырбастау пункті қызмет атқарады.

Жамбыл облысы салымшыларының (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2017 жылғы 1 ақпаннан бері 36,7 млрд.теңгеге немесе 16,4%-ға өсіп, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 260,7 млрд.теңгені құрады. Жеке зейнетақы шоттарының саны да 1,3%-ға, 475,3 мың шоттан 481,4 мың шотқа дейін өсті.

Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 463,7 мың шотты құрады.

ҚР Ұлттық Банкінің

Жамбыл филиалы

Leave A Reply

Your email address will not be published.