Биназарда біраз істің көзі ашылмақ

0 43

Мемлекет басшысының қолдауымен әзірленіп, 2019 жылы Жамбыл облысында пилоттық негізде басталған «Ауыл аманаты» жобасы өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетті. 2023 жылға дейін 18,3 млрд. теңге бөлініп, 24 ауылдағы 4 мыңға жуық  адам өз кәсіптерін ашты. Осы жылы қосымша тағы 24 млрд. теңге қаралды. Осылайша 26 ауылдағы 5 мыңға жуық тұрғынды несиелендіріп, тұрғындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс орындарының ашылу мүмкіндігі туып отыр.

Осыған орай ауданымыздан екінші ауыл болып «Ауыл аманаты» жобасының жақсылығын көріп жатқан Биназар ауылында атқарылып жатқан бірқатар игі шараларды өз көзімен көру үшін «Тараз ӘКК» АҚ-ның агротехқызмет кооперациясының эксперті Ұлан Қасқабаев іссапармен келді. Іссапар барысында Ұлан Қасқабаев Биназар ауылдық округінен наубайхана ашу бизнес жоспарына «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 8,6 млн. теңге несие алып, өзінің кәсібін бастап жатқан Ботагөз Маншиеваның наубайханасының ашылуына қатысты.

Содан соң осы жоба аясында мал басын көбейтіп, 20 бас жылқы сатып алу үшін 7,6 млн. теңге несие алған Биназар ауылының тұрғыны Берікбай Исаевтың ауласында атқарылып жатқан шаруалармен танысып қайтты. Қыстың қамын жаз ойлаған Берікбай Исаев жемшөбін жетерліктей жинап алған екен.

  • «Ауыл аманаты» жобасы аясында мал басын көбейту үшін 7,6 млн. теңге несие алдым, қазіргі таңда ауылымызда «Биназар агро» кооперативі құрылған. Сол кооперативтің жаңа техникаларының арқасында шаруаларымыз жеңілдеп, шарапатын көріп жатырмыз. Сонымен қатар, көктемде арзандатылған тұқым алу жағынан да кооперативтің көмегі орасан болды. Осы кооперативтің ықпалымен 5 гектар арпа 1 гектар жүгері егіп, мал азығына 5 тоннадан аса арпа, жүгері жинап алдым. Ауыл әкімі Қамбар Атаевтың белсенділігінің арқасында биылғы судың тапшылығының өзінде жоңышқамды екі рет суарып, 2 шабыннан 2000-нан аса түктелген жоңышқа жинап алдым. Осы жобаны халық игілігіне ұсынып отырған еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс, аудан басшылығына алғысым шексіз, -деді Берік Исаев.

Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» жобасы аясында 209 млн. теңгеге Биназарлық 49 тұрғын несиелендіріліп, шаруашылықтарын дамытуда.

Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ,

«Мойынқұм таңы».

Суретті түсірген Ж.Дәметов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.