Түзету мекемелеріндегі діни экстремизм бабы бойынша сотталған азаматтардың радикалдық идеялары

0 53

1990-жылдар жаңа діни ағымдардың келе бастау кезеңі болды. Кеңестік идеологияның орнына түрлі ағымдар келіп, олардың кейбіреулерін ұстану сәнге айналған кездер болғаны баршамызға белгілі. Бұл кеңестік коммунисттік идеология толтыра алмаған рухани вакуум мен Қазақстандағы дәстүрлі діндер қызметінің әлсіздігінен еді. Жаңа діни ағымдардың әдептері әр адамға өз ілімдерін жалықпай насихаттау мен жаппай дінге тарту науқанын бастап кетті. Дәстүрлі емес діни ағымдар олардың басым көпшілігі дүниетанымдық кеңістікті өздерінің «керемет» идеологияларымен толтырып, белсенді психологиялық шабуыл арқылы азаматтарды қатарларына тартуда.

Радикалдық діни топтарға қосылуға бейім болатын көбісі жасөспірімдер 18 бен 25 жастағы аралығындағы азаматтар. Олар өзінің әлеуметтік ортасынан ажырағандар, яғни бір жерден екінші жерге көшіп барғандар, немесе оқуға түсіп, жаңа ортаға бейімделу барысында радикалдық діни ағымдардың ықпалына түсіп қалғандар. Діни радикалдыққа бой ұрған жастарды үш санатқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – саяси идеологиялық ағым ретіндегі діни ықпалға түскен жастар. Олар террористік немесе экстремистік іс-әрекетке баруға әлі дайын емес, бірақ көңіл-күйі соларды қолдауға жақын. Түзету мекемелерінде діни экстремизм бабы бойынша жауапқа тартылған жастардың көбіне «радикалдық діни идеяларды насихаттаған» деген айып тағылған. Екіншісі — діни радикалдық топтардың белсенді мүшелері. Олар радикалдық ұстанымды қабылдап қана қоймай, «құндылықты» қорғау үшін белгілі бір әрекеттерге баруға дайын. Бірақ оның ішінде нақты әрекетке барғандар да, бармағандар да бар. Ал үшінші топ – осы радикалдық діни топтардың жетекшілері. Оның ішінде радикалдық топқа кірмес бұрын қылмыстық әлемнің белсенді мүшесі ретінде өмірсүрген, яғни әртүрлі қылмыс жасағандар кездеседі.

Орталық Азиядағы «Халықаралық түрме реформасы» ұйымының зерттеуіндегі мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылы экстремизм мен терроризмге қатысты баптар бойынша Қазақстанда 154 адам сотталған болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 554-ке жеткен. 554 адамның 327-сі «экстремистік» сипаттағы қылмыс жасаған. Қазақстанда терроризм және экстремизм үшін сотталғандар саны күннен күнге өсіп барады деп атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан түрмелерінде 3,5 мыңнан астам дін ұстанушы бар, олардың 763-і салафизм өкілдері, 90-нан астам адам радикалдық ұстанымын жасырмайтындар.

Елімізде жалпы 14 террористік іс-әрекет орын алып, жалпы 90 адам қайтыс болған. Ал, 2016 жылғы Ақтөбе облысы мен Алматы қаласындағы болған оқиғалардан 27 адам қайтыс болған болса, олардың арасында 18 террорист пен 4 құқық қорғау органдары және 5 бейбіт тұрғын құрбан болған. Бұл оқиғалардың барлығында да біз қоғамда көріп жүрген ұзын, ретсіз сақал қойып, балақтарын тобықтан жоғары етіп қысқартып алған әсіредіншілдік діни ағым ұстанушылардың әсері бар. Енді бұлар кімдер? Қайдан келген? Ұстанған мақсаттары қандай? Оларды қалай ажыратамыз? Қалай сақтануға болады? – деген сұрақтар туындайды.

Осы сұрақтардың жауаптарын іздей келе, әсіредіншілдік уаххабилік ағымының доктриналық идеологиясын XIII ғасырда Ибн Таймия қалады. Ибн Таймияның доктриналық пікірінің «Әһлі суннә уәл жәмағат» ғалымдарының көзқарасымен келіспейтін тұстары көп болды. Сол себепті, Ибн Таймияға өз уақытында «Әһлі суннә уәл жәмағат» ғалымдары ескерту беріп, кейбір көзқарасын теріске шығарды. Ибн Таймияның доктриналық ілімін XVIII ғасырда Сауд Арабиясында өмір сүрген Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб насихаттап, ары қарай дамытты. Тарихқа үңілер болсақ, аталған идеология негізінен XX ғасырдың басында I дүниежүзілік соғыстан кейін өз тәуелсіздігін алды. Алайда, бұл идеология көп мұсылман елдерінен қолдау таппаған. Әсіредіншілдік діни ағымның басты идеологиясы ол – буквализм. Мәселен, ұлттық құндылықтарды жоққа шығару: Бір елдің ұлттық құндылығын жоққа шығару – сол елді бағыт-бағдарынан адастырудың басты шарты. Ж.Баласағұн бабамыздың: «Кімде-кім халқынан алмаса тәлім, Оны үйрете алмас ешбір мұғалім» — дегенін ескерер болсақ, ата-баба салт-дәстүріне «анау бидғат», «мынау ширк» деп қарсы тұру халқымыздың әдет-ғұрпымен қалыптасқан ұлттық тәрбиеден қол үздірудің бір тәсілі болып табылады. Әсіредіншілдік діни ағым өкілдері дінге жаңа бет бұрғандарға қазақ халқының әдет-ғұрпын мүмкіндігінше дінге кереғар етіп көрсету арқылы өз идеологияларын өткізеді. Жақтастарын көбейтеді. Нәтижеде, қазақты қазаққа қарсы қойып, елдің, ұлттың бүтіндігін бұзады.

Зайырлылық мемлекетті мойындамау: Әсіредіншілдік діни ағымның көзқарасы бойынша, мемлекеттік конституциясы ислам шариғатынан бөлек, яғни, Құран мен сүннеттен болмаған саяси жүйе болса болды кәпірге шығарады. Зайырлы мемлекеттің ата заңына қолдау көрсеткен, сол елдің экономикасының өсуіне қолұшын берген жандарды да жауы ретінде таниды. Елі үшін адал қызмет етіп жатқан адамдарды, тіпті, олар мұсылман болса да өз идеологияларын қолдамағаны үшін айыптайды. 

Жоғарыда аталып өткен мысалдар салдарынан сол адамның немесе адамдар тобының қоғамнан оқшаулану үрдісі орын алады. Өздерінің «таза ислами» әрекетін қолдамаған ортаға, зайырлы мемлекет принципін ұстанған билік органдарына деген өшпенділік сезімін тұтатып, оларды «кәпірге» шығару түсінігі қалыптастыра бастайды.

Елімізде діни радикалды көзқарасты ұстанушылар тобының пайда болуының бір-бірінен ажырамас бірнеше сыртқы және ішкі факторлары бар. Жетпіс жыл бойы Ресейдің бодандық саясаты салдарынан діни сауаты таязданған халқымыздың мәдени және діни, жалпы алғанда рухани құндылықтарға деген сұранысының артуы елімізде діни радикалды көзқарасты ұстанушы адамдар тобының қалыптасуына қолайлы жағдай тудырды. Еліміз өз алдына тәуелсіздігін алғаннан кейін, белгілі бір жастар тобының өз беттерінше Пәкістан, Сауд Арабиясы және т.б. елдерде діни білім алып отанымызға оралуы, сонымен қатар діни сұрақтар мен мәселелерге жауап іздеушілердің радикалды идеологияны насихаттаушы интернет-сайттар мен бейне роликтердің арбауына түсуі сынды бірнеше фактордың пайда болуына түрткі болды. Оның мысалы ретінде Сауд Арабия елінде өз уақытысында жасырынғандар Абдухалил Абдужаббаров («шейх Халил»), Ділмұрат Махаматов (Абу Мухаммад), Назратулла Абдулкадиров (Абу Марьям) сияқты деструктивті діни уағызшыларды Қазақстанның өтінішімен қамауға алып, барлығын экстрадиция жасап үлгерді. 

Осындай әрекеттердің салдарынан Таяу Шығыс елдерінен көріп отырмыз. Радикалдық идеологияның кез келген түрі қоғам үшін аса қауіпті. Ол қоғамда ұлтаралық, дінаралық араздықты қоздырып, бірлік пен ынтымаққа нұқсан келтіреді. Рухани құндылықтар шетке ысырыла бастайды. Жоғарыда айтып өткендей, радикалдық діни ағымның ұстанушылары исламдағы «тәкфір», «жихад» ұғымдарын өз мақсаттарына шебер пайдаланып, олардың мәнін бұрмалау арқылы  мемлекет пен қоғам арасына идеялық сына қағатындар да жоқ емес. Қазақстан мен Орталық Азияға қауіп төндіретін ең шегіне шыққан экстремистер, тұтастай алғанда, «такфир» идеологиясын ұстанатын салафиттік топтар болып табылады. Қазақстандағы құқық қорғау органдары мен ҰҚК қарсы ұйымдастырылған соңғы уақыттағы терактілерді тек осылармен ғана байланысты.

Шындығында, адамзат үшін бүгінгі ең үлкен жиһад – сауатсыздықпен күрес.  Тіпті, «үлкен жиһад – өз нәпсіңмен күрес», — деген Мұхаммед пайғамбардың өсиеті мұсылман баласына әрдайым өмірлік ұстаным болуы тиіс деп есептеймін. Ғасырлар бойы халқымыздың 70 пайыздан астамы  ұстанып келе жатқан Ислам – бейбітшілік пен мейірімділік діні. Қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп отырған әлемдік дін. Исламда ізгілік жасау, қамқорлық, мейірімділік үстемірек. Керісінше, зорлық-зомбылық, мұсылман бауырын кәпірлікпен айыптау, намаз оқымаса, ағайын-туыспен қатынас үзу, өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңдарын мойындамау, өзімен пікірлес болмағаны үшін басқалармен қарым-қатынастан қашу, қоғам мүшелеріне құрметсіздікпен қарау, басқаларды бүлікке шақыру сияқты ұстанымдар ешуақытта болмаған. Экстремистік және лаңкестік әрекеттер ислам дініне мүлдем жат екенін  жастарымыздың хабары болса,  ешуақытта  қару ұстап, қолын былғамас еді. Сондықтан елімізде ағартушылық бағытта әлі де көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс деп ойлаймын. «Такфіршілдік» – бұл ең алдымен қоғам мен мемлекет пікірімен келіспей, қарсы қарулы көтеріліске шақыратын идеология. Іштен іріткі салу арқылы қоғамдағы бірлік пен татулыққа сызат түсіру болып табылады. Тәкфіршілдік идеологиясын насихаттайтын еліміздегі 2014 жылдың 18-тамызында Астана қаласы, Сарыарқа ауданының соттың шешімімен тыйым салынған халықаралық экстремистік діни ұйым «ат-Такфир уәл-Хиджра» болып табылады. 

Қазақстан мемлекетін «дінді өтеуге еш мүмкіндік бермейтін кәпір ел» ретінде тәрк етіп, тәкфіршілдік идеясымен уланып Сирия, Ирак жерінде соғыс өрті лаулаған «Ислам мемлекетінің» содырларының «халифатын» іздеп кеткен азаматтардың саны күрт өскен болатын. Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары заңға сәйкес өз жазаларын алуда, өйткені «істеген істі мойынмен көтеру» деген қағида бар.

Қақтығыс болған Сирия аймағынан өз азаматтарын алдыру және ол адамдарға жауапты екенін білдіру өте маңызды және батыл әрекет болғандықтан «Жусан-1» арнайы операциясы нәтижесінде Қазақстанның 47 азаматы оралды. «Жусан-2» операциясы аясында Сириядан Қазақстанның 231 азаматы елге жеткізілген. Олардың 159 – бала.

Қазақстан азаматтарын Сириядан қайтару «Жусан» арнайы операциясының үшінші кезінде Сириядан 67 әйел адам, 171 бала, оның ішінде, тоғызы жетім, елге қайтарылған. Олар біраз уақыт оңалту орталығында болды. Жалпы елге 516 қазақстандық жеткізілді. Оның 357-сі бала. «Жусан» операциясымен елге оралғандардың арасында өкінішке орай, «мәзһаб», «ханафи» деген түсінікті мүлдем естімегендер және мойындамайтындар бар екенін көдік. Бұл дегеніміз олардың қазақ халқының дәстүрлі діни ұстанымы, ұлттық құндылықтардан алыс болғандығын айғақтайды. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев деструктивті діни ағымдарға қарсы күрес жүргізу қажеттігіне назар аудара отырып: «Қазақстанның аумағы ұлан-байтақ және табиғи қазба байлық пен ресурстарға бай екені баршаға белгілі. Осының бәріне қызғанышпен қарайтындар да бар. Олар – бізге қастық ойлап, қоғамымыздың ынтымағын бұзуға тырысушылар. Халқымыздың арасына теріс діни ағымдарды енгізу бізге сырттан ықпал етудің бір тәсілі болып саналады. Соңғы уақытта осындай үрдіс байқалып отыр. Біз мемлекеттігімізге қауіп төндіретін кез келген құбылыспен күресуге тиіспіз. Сондықтан сіздердің алдарыңызда зор міндеттер тұр, – деп дін саласындағы қызметкерлерге атқаратын міндеттерді жеткізген болатын.

Жамбыл облыстық «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығының мүшесі, дінтанушы Бахтияр Алпысбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.