Остеопороз деген дерт бар. Бұрын ол жасы ұлғайған адамдарда кездесетін болса, бүгінде жастарда да бой көрсетіп жүр. Ал мұның себебі неде, оған ұрынбас үшін не істеу керек?
Остеопороз ағзада кальций жетіспеушілігінен туындайды, сүйектер әлсізденіп, мүжілгіш, сынғыш болады. Қауіптілігі – білдірмей дамиды. Адамның еш жері ауырмайды, ол өзінің дертке ұшырағанын оқыс құлағанда ғана білуі мүмкін. Сүйек сынғасын науқас емделуге жатады, қозғалыс азайғасын бұлшық еттер семеді, пневмония, тағы басқа аурулар туындайды.
Адамда өмірінің алғашқы кезеңдерінен бастап сүйек ұлпаларының өсіп-жетілуі жүреді. 20-27 жас аралығында ол тежеліп, тоқтайды. Сосын сүйек массасының азаюы басталады. Бұл – табиғи жағдай.
Сүйек ұлпасында екі түрлі жасуша болады. Біреуі – осы ұлпаны түзетін жасуша (остеобласт), екіншісі – оны сіңіретін жасуша (остеокласт). Алғашында олар бірдей болса, жас ұлғая келе ара салмағы бұзыла бастайды. Содан остеопороз туындайды. Ол дене сымбатының бұзылуынан (бүктетіліп жүру, бойдың аласаруы, т.б.) байқалады, бірақ көбіміз оған мән бермейміз, аңғармаймыз. Адам оны қандай да бір жағдайда зақым алып қалғанда біледі. Әшейінде өте ауыр соққыларға төтеп беретін сүйек болмайтын салмаққа сынып, инемен түртсе тесілетіндей күйге түскені көп жағдайда осындай оқыс оқиғалардан соң білініп жатады.
Сүйектің болбырауына гормондық препараттарды жиі қолдану да себеп болуы мүмкін. (Мысалы, астма, артритті емдеуге арналған преднизолон). Әйелдер лажы болса гормондық препараттарды аз қолданғаны жақсы.
Адам күн астында көбірек жүрсе, қимыл-қозғалыс жеткілікті болса, ол сүйекке пайдалы. Ол тұрақты болуы керек, бірақ шамадан артпағаны абзал. Дәрігермен кеңесіп, құрамында кальций мол препараттар қолданып тұрған дұрыс. Жалпы, азық құрамында кальций мол болғаны абзал.
Әйелдердегі климакс кезеңінде жыныстық гормондардың жеткіліксіздігі, қимыл-қозғалыстың аздығы, жүріп-тұрудағы сақтықты ұмыту, азықта кальций жетіспеуі, преднизолон сияқты дәрілерді ұзақ уақыт қолдану, тұқым қуалау ерекшелігі сияқты нәрселер остеопороз туындауына себеп. Адам жеткілікті мөлшерде кальций тұтынуы керек. Ол сүтте, сүт өнімдерінде, укроп, петрушкада, майлы балық, жұмыртқада көп. Кальцийдің тез сіңуіне әсер ететін Д витамині де жеткілікті болуы керек. Ол теріге күн сәулесінің әсерімен түзіледі.
Дереккөз: massaget.kz