Жамбыл облысындағы су дауы: қырғыз сарапшылары қандай шешім ұсынады

0 39

Орталық Азиядағы су тапшылығы проблемасы кейінгі бірнеше жылда ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселеге айналды. Биыл шілдеде Қырғызстанмен шекаралас Жамбыл облысының егістігіне қауіп төнген еді. Жамбылдық фермерлер көршілерді трансшекаралық өзенде су қоймаларын салды деп айыптап, дабыл қақты. Кейінірек Бішкекте Шу және Талас өзендері бойынша су бөлу мәселесін шешу бойынша екі жақты кездесу өтті. Дегенмен тамыз айында су тапшылығы мәселесі шешіле қоймады. Қазақстандық фермерлердің наразылығына жауап ретінде қырғыз тарапы: «Қазақстанға су жеткізуде қиын жағдай туындады, қырғыз билігі өз ауылдары үшін суды үнемдеуге мәжбүр болды. Осыған байланысты Қазақстанға су беруді тоқтату туралы шешім қабылданды», — деп жауап берді. Бүгінде тараптар оңтайлы шешім табудың жолын қарастырып жатыр. Алайда бұл мәселе жылдан-жылға қайталанады. Мәселенің мән-жайына терең үңілу мақсатында ҚазАқпараттың меншікті тілшісі жағдайды анықтап, жергілікті сарапшылармен әңгімелескен еді.

Қазақстан мен Қырғызстанның трансшекаралық өзендерін бірлесіп пайдалану

Орталық Азияның ірі трансшекаралық су артериялары Әмудария, Сырдария, Талас, Тарим, Шу, Қарқара өзендері Қырғызстан аумағында қалыптасып, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қытайды сумен қамтамасыз етеді.

Қазақстанның Жамбыл облысын сумен қамтамасыз етудің басым бөлігін Қырғызстаннан бастау алатын Шу мен Талас трансшекаралық өзендері жүзеге асырады. Екі елдің су қатынастары 2000 жылғы 21 қаңтардағы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметі арасындағы Шу және Талас өзендері суын пайдалану туралы келісім негізінде реттеледі. Суды пайдалануда келісілген жұмыс режимін белгілеуді және оның қауіпсіз әрі сенімділігін қамтуды сол сияқты шығындарды есептеуді Шу-Талас су шаруашылығы бірлескен комиссия атқарады.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Шу, Талас және Қарқара өзендері бассейндерінің трансшекаралық су ресурстарын бөлу және пайдалану көрсеткіші келесідей. Қазақстан Шу өзені бойынша 0,11 текше шақырым (3,0%), Қырғызстанға тиесілі 3,84 текше шақырым (97%), Талас өзені бойынша бізге 0,11 текше шақырым (6,0%), қырғыз еліне 1,72 текше шақырым (94%) қарасты. Қарқара өзені бойынша тиісінше бізде 0,23 текше шақырым (38%) және ал Қырғызстанға 0,37 текше шақырым (62%) тиесілі. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы пайыздық жағынан келсек, Талас өзені –50/50, Шу өзені – 42/58.

Су ағынын реттеуді қамтамасыз ететін барлық құрылғы Қырғызстан аумағында өзендердің жоғарғы жағында орналасқан. Шу өзенінде бұл Орто-Токое су қоймасы, Быстровская ГЭС-тен Токмок қаласына дейінгі айналма темірбетон арналары. Сонымен қоса Чумыш су торабы және батыс және шығыс құрылыстары бар үлкен Шу каналдары бар. Талас өзені бойынша Киров су қоймасы. Бұл объектілер өзендерді мемлекетаралық пайдалануда су шаруашылығы құрылыстарына жатқызылған. Қазақстанды сумен қамту оларды пайдалану және тиісті техникалық қызмет көрсету жағдайына байланысты.

Жыл сайын екі елдің тең төрағалығы атынан су шаруашылығы комиссиясы вегетациялық кезең басталғанға дейін Қазақстанмен су бөлу кестелерін әзірлеп, қол қояды.

Су тапшылығының себептері

Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия өңірінде су дағдарысының туындау себептеріне климаттың өзгеруі, инфрақұрылымның тозуы, су ресурстарын ұтымсыз және тиімсіз пайдалану сияқты негізгі факторлар жатады.

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, ХХ ғасырдың ортасынан бастап Орталық Азияның оңтүстігінде орташа температура 0,5 с-қа, ал солтүстігінде 1,6 с-қа артқан. Бұл мұздықтардың еруіне және су қорының сарқылуына себеп болды. ХХ ғасырдың басынан бастап Орталық Азиядағы мұздықтардың ауданы үштен бірге қысқарды.

Мамандар Тянь-Шань және Памир-Алай мұздықтарының тез еруін атап өтті, соның салдарынан жақын арада өңірдегі су мөлшері айтарлықтай азаяды. Климаттың өзгеруіне байланысты ауызсу мен ауыл шаруашылығына пайдаланылатын су қорының азайғаны байқалады.

Мәселен, биыл жаздың басында Қырғызстан астанасы мен өңірлері су тапшылығына тап болды. Үнемдеу мақсатында Бішкек билігі ауызсу тұтыну бойынша шектеу шараларын енгізді. Жеке моншалар, көлік жуу орындары мен бассейндер сияқты су көп кететін объектілер жабылды.

Қырғызстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Шу және Талас облыстарының ауылшаруашылық жерлерінде су тапшылығы пайда болған.

Ал қазір Қазақстанның оңтүстігінде жағдай қиындап отыр. Әсіресе Жамбыл облысының Байзақ, Талас және ішінара Жамбыл ауданының фермерлері су тапшылығын сезінді. Сонымен қатар Киров су қоймасында су көлемінің жеткіліксіздігіне байланысты шамамен 4 мың гектар пияз бен қант қызылшасына қауіп төніп тұр. Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрлігінің 9 тамыздағы мәліметіне сәйкес, Талас өзені бассейні бойынша Киров су қоймасының көлемі – 32,48 млн текше метр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 144,8 млн текше метрге аз (177,28 млн текше метр). Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі Талас алқабында су көздерінің азаюын климаттық өзгерістерге байланысты түсіндіреді. Мысалы, Киров су қоймасындағы су ағыны секундына 1,0 текше метр (өткен жылы су деңгейінің түсуі 13,7м3/сек), яғни ағынның ұлғайғаны байқалмайды.

Су ресурстарының ауқымды қорына ие бола отырып, Қырғызстан оны пайдалануда бірқатар проблемаға тап болып отыр. Ел тұрғындарының жазда бау-бақша, бақтарды суару үшін ауызсуды тиімсіз пайдалануы сумен жабдықтау жүйелеріне жүктеме түсіреді.

Қырғызстан Республикасының ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының мамандары бөлінетін судың көп бөлігі тиімсіз пайдаланудан жоғалатынын атап өтті. Сондай-ақ ирригациялық және су тарату жүйелерінің қанағаттанарлықсыз техникалық жай-күйі, жабдықтың тозуы және суарудың жетілмеген әдістерін қолдануда шығынға әкеліп отыр. Жалпы алғанда, Қырғызстанның барлық су шаруашылығы инфрақұрылымының қазіргі жағдайы, көптеген сараптамалық бағалауға сәйкес, қанағаттанарлықсыз деп сипатталады.

Қырғызстанның су ресурстары қызметінің директоры Алмаз Сокеевтің айтуынша, Қырғызстандағы климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығына әсер етті. Оның мәлімдеуінше, осыған байланысты аталған елдің су секторында реформалар жүргізіліп жатыр. Жүйенің нашарлауы суару кезінде оның ірі көлемде жоғалуына әкелетіні белгілі. Су шығынын азайту мақсатында суару каналдары ретке келтіріледі. Қырғызстан бірлескен су инфрақұрылымын ретке келтіру бағытында Қазақстан және Өзбекстан елдерімен жұмыс істеуге ниетті.

Мәселені шешу жолдары

Қырғыз сарапшысы, «Орталық Азияның су пайдалану және су энергетикалық ресурстары проблемаларын зерттеу институты» халықаралық қорының төрағасы Эрнест Карыбековтың пікірінше, Қырғызстанның басты құндылығы ретінде суды дұрыс басқару және ұқыпты қарау бірінші кезектегі міндет болуы тиіс. Бұл тұрғыда Қырғызстан Республикасының мемлекеттік органдары тарапынан ғылыми негіздемеге сүйенген жүйелі тәсіл қажет.

Өз кезегінде, «Юнисон Групп» ұйымдар альянсының ресурс тиімділігі бойынша сарапшысы Жаңыбек Құлымбетов су тапшылығы проблемаларын шешуде оны үнемдеу технологияларын жасау және енгізу қажет деп санайды. Ауылшаруашылық жерлерін сумен қамтуда тамшылатып суаруды мүмкіндігінше енгізу керек. Онда су өсімдіктердің тамыр жүйесіне тікелей беріледі. Осылайша өсімдіктер қажетті ылғалды алады және сонымен бірге суды айтарлықтай үнемдейді.

Жыл сайын су ресурстарының құны артады. Өңірдегі сумен қамтамасыз ету проблемасын шешу үшін кешенді тәсіл және өңірдегі барлық мемлекет күш-жігерін біріктіру қажет. Орталық Азия өңіріндегі су дағдарысы жыл сайын арта түспек. Осы орайда су ресурстарын әділ және тиімді пайдалану қағидаттары негізге алынатын келісілген іс-қимыл жоспарларын әзірлеп, іске асыру талап етіледі.

Су дағдарысын еңсеру үшін өңірдегі тұрақтылық пен азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мақсатында Орталық Азияның барлық елі бірлесіп әрекет етуі тиіс. Сонымен қата суды пайдаланудың тиімділігін арттыруда суару жүйелерін жаңғырту, суару жүйесіне заманауи технологияларды енгізу жөнінде бірлескен шаралар қабылдауы қажет.

Еске сала кетейік, осыдан бірер күн бұрын ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының құрғақшылықтан зардап шеккен аудандарының фермерлерімен кездескен еді.

Ведомство басшысы, өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жариялау және Үкімет резервінен қаражат бөлу есебінен фермерлерге келтірілген залалды өтеу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті. Одан бөлек, субсидияларға қажеттілікті жабу және оларды төлеуді жеделдету бойынша жұмыс жүргізілмек.

Айта кетсек, қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев ҚазАқпарат тілшісіне суармалы су тапшылығы мәселесі туралы пікірімен бөлісті.

Оның айтуынша, су бұрыннан келе жатқан мемлекетаралық мәселе және бұл жерде қырғыз тарапының Қазақстанға су сату туралы ұлттық идеясы бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.