Жамбыл облысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына сәйкес 11 мыңнан астам жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жоспарланған жобалар негізінен ауыл шаруашылығын дамыту, өнім өңдеу, жиһаз жасау мен құрылыс саласын қамтып отыр. Көпшілігі ауылдық жерлерде іске асырылмақ.
Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының жетекшісі Дамир Егізбаевтың айтуынша, жеке кәсіпті дамытуға оңтайлы жағдай тудыру үшін мамандар өңірдегі барлық елді мекендерді аралап, қай бағытта жұмыс атқару керектігін алдын ала жан-жақты зерттеп шыққан. Көп жағдайда несие алуға кепілге қоятын мүліктің жоқтығы қолбайлау болады. Сондықтан ауыл халқы банктердің үдесінен шыға алмай жатады.
Дегенмен де, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына өңірдің 135 бизнес өкілі қатысқалы отыр. Банктер макарон өндірісі, сүт өңдеу және балабақша ашу сынды алғашқы 9 жобаны іріктеп алған.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Қарапайым заттар экономикасының» әлеуетін барынша қолдану керектігін атап өткен болатын. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан 600 миллиард теңге қарастырылған.
«Қарапайым заттар экономикасы» біздің есептеуімізше, облыстың экономикасын дамытуға үлкен серпін береді. Шамамен 17 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 75-78 миллиард теңгенің қосымша өнімі шығарылады. Облыста жалпы ішкі өнім көрсеткіші 5% артады. Ең бастысы, бұл шағын және орта бизнесті өркендетуге бағытталған жоба. Ауыл азаматтарының кәсіп ашып, өз істерін дөңгелетіп әкетуіне оңтайлы жағдай туады», — дейді Дамир Егізбаев.