Таразда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектебі өтті

0 6

Таразда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті және «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектебі өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Ашылу барысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорының директоры Ольга Шиян, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев құттықтау сөзін айтып, жазғы мектеп қатысушыларына шараның маңыздылығы туралы айтып өтті.

Жазғы мектептің жұмысына мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер, заңгерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ЖОО-ның профессорлық-оқытушылар құрамы және жастар қатысты.

Шара барысында Ольга Шиян сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық және Қазақстандық жүйенің айырмашылығы туралы айтты. Сонымен қатар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Нұр-Сұлтан қаласындағы офисінің экономика және қоршаған ортаны қорғау бағдарламалары жөніндегі ұлттық үйлестіруші – Ерлен Бадыхан мен «Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының менеджері – Ғалымжан Оразымбет қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте азаматтық қоғамның атқаратын маңызды орны туралы айтып өтті.

Іс-шара соңында қатысушылардың көкейіндегі сұрақтарына нақты жауаптар беріліп, тыңдаушыларға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектебінде оқығаны туралы сертификаттар табысталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.