Жуалы ауданында спорт күні атап өтілді

0 20

Жуалы ауданында   салауатты өмір салтын насихаттау, тұрғындардың спортпен тұрақты түрде айналысуына бағытталған маңызды шаралар атқарылып келеді. Осы ретте  Спорт күні кәсіби мерекесі спорттық іс-шаралармен атап өтілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Бауыржан Момышұлы ауылындағы орталық стадионда өткен спорт мерекесіне барлық ауылдық округтен командалар, спорт ардагерлері шақырылып, кәсіптік мереке қызықты өтті. Осынау спорт мерекесіне аудан әкімі Нарбай Ергебеков қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Құрметті спортсүйер қауым. Баршаңызды Спорт күні кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Халқымыз ежелден-ақ денсаулықтың қадірін түсініп, оны басты байлыққа санаған. Дені сау ұлт қашанда бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі екені белгілі. Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында өңірлік резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажеттілігі атап өтілген болатын. Осы тұрғыда ел өңірлерінде, соның ішінде біздің ауданда да спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт ғимараттарының да саны артып келеді. Бүгінде аудан көлемінде жүйелі түрде дене шынықтыру мен спортпен айналысатын тұрғындардың жалпы үлесі 29,6 пайызды құрап отыр.

Жұлдызы биік Жуалы ауданында облыстық деңгейде ғана емес республикалық, халықаралық дәрежеде жетістіктерге қол жеткізіп, абырой биігінен көрініп жүрген спортшы азаматтарымыз баршылық. Жуалылықтар Америка Құрама Штатының Лос-Анджелес қаласында кәсіби бокстан өнер көрсеткен Сағадат Рахманқұлды, дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатына жолдама ұтып алған Шапағат Дәулет пен Қазыбек Рақышевты, Дубайда ағымдағы жылдың қазан айында жасөспірімдер арасында өтетін Азия біріншілігіне қатысатын Анжелика Цойды ерекше мақтан тұтады. Келесі жылы Жапон елінің астанасы Токио қаласында өтетін Олимпиадада ел намысын қорғайтын боксшы жерлесіміз, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұлға үлкен үміт артып отырмыз. Спорт саласында жетістігіміз бен табыстарымыз арта берсін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.

Осылай деген аудан басшысы бірқатар спорт ардагерлерін, жаттықтырушыларды, ауылдық округтерде қызмет атқарып жүрген нұсқаушыларды Құрмет грамоталарымен және Алғысхаттармен марапаттады. Сонымен бірге аудан спортына еңбек сіңірген ардагерлерге сый-сияпаттар табысталды.

Айта кету керек, Спорт күні кәсіби мерекесі спорттың бірнеше түрінен өткен іс-шаралармен жалғасты. Шара барысында аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің өнерпаздары патриоттық әндерді әуелетіп, спортшыларға күш-жігер берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.