Тараз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қаламыздың 36 анасын «Күміс алқамен», 11 анасын «Алтын алқамен» марапаттау салтанаты өткізілді. Қала бойынша бүгінгі таңда 2510 «Алтын алқа», 1854 «Күміс алқа» иегерлері бар. Олардың қатары тағы да толықты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Ұрпағының санын арттырып, ел демографиясына үлес қосқан ақ жаулықты аналарды Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қабылдап, Елбасының Жарлығына сәйкес аналарға Алтын және Күміс алқалар табыстады.
– Қазақ халқы әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Әсіресе, алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді. Отбасының алтын діңгегі болып, тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер, — деді құттықтау сөзінде қала әкімі Қайрат Әскербекұлы.
Іс-шара барысында ақ жарма тілектер айтылып, көп балалы аналар мемлекет тарапынан ана мен балаға жасалып отырған қамқорлыққа алғыстарын айтты.
Еске салайық, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» 1993 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген. «Алтын алқа» наградасы жыл сайын жеті және одан артық баланы, ал «Күміс алқа» алты бала тәрбиелеп өсірген аналарға беріледі.