Туризм саласындағы кадрлар тапшылығы, автожолдар сапасының нашарлығы, жол бойындағы сервис деңгейінің төмендігі секілді туризмнің дамуына кедергі келтіретін көптеген мәселелер облыс әкімдігінде өткен жиында жан-жақты сараланды — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
⠀
Тарихы бай, ерекше мәдени-тарихи орындар мен табиғи ресурстарға ие бола тұра облысымыз әлі күнге дейін туризмді дамытуда бірқатар кедергілерді кешіруде. Өткен тарихы терең өңір алдында барша қазақстандықтар мен шетелдіктерді тартуға қабілетті қазіргі заманға лайық туризм индустриясын құру мәселесі тұр. Бұл туралы басқосу барысында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев атап өтті.
Туризм басқармасы осы орайдағы мәселелерді шешу үшін туризм саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын әзірлеуде.
⠀
Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының мыңжылдықтар тоғысындағы шаһар екенін көрсететін өзіндік бренді керек екенін атап өтті.
⠀
Жиынды қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев тиісті мемлекеттік органдар, туристік компаниялар мен қауымдастықтар бірлесіп туризм индустриясының әлеуетін арттыру үшін жүйелі негізде жұмыс жүргізуі қажеттігін атап өтті.
⠀
Өкінішке қарай мейрамханалар мен кафелерде қызмет көрсету деңгейі төмен, бұл келушілердің сенімсіздігін тудырады. Жол бойындағы сервис те көңіл көншітпейді. Жоспарланған тоғыз сервистік кешеннің біреуі ғана Байзақ ауданында салынды. Қалған аудан әкімдері олардың құрылысын тезірек аяқтауды назарға алуы тиіс.
Облысымыздың қолайлы аймақта орналасқандығын ұтымды пайдаланбаймыз. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі біздің өңір арқылы өтеді. Ол жолмен күн сайын мыңдаған көлік қатынайды. Отардан Жуалыға дейін Әулиеатаның қасиетті орындары туралы ақпараттар жазылған билбордтар орнату керек. Коронавирустық пандемия ішкі туризмнің дамуына үлкен мүмкіндіктер береді. Бұған дейін танымал болып келген шетелдік курорттар бұрынғыдай аса қызығушылық тудырмайды. Мұны ішкі туризмнің дамуына серпін сыйлау үшін тиімді пайдалана білген абзал, – деп қорытындылады Бердібек Сапарбаев.