Тараз қаласында танымал түлектер бас қосты. Шара-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жерге тағзым» бастамасы аясында және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Басты мақсат– туған жеріне танымал, түрлі салада еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау, өңіріміздің 30 жылда жеткен жетістіктерін кеңінен паш ету, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу,-деп жазады «Zhambylnews» АА.
Жиынға облыстан шыққан елге танымал тұлғалар,қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, сан салада еңбек етіп жүрген Тәуелсіздік құрдастары қатысса, әулиеата өңірінен шығып, бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген жамбылдық жастар, еңбек ерлері мен мәдениет майталмандары онлайн байланысқа шықты.
Кездесуде қатысушыларға Жамбыл облысында 1991 жылдан бері әр 5 жылдықта атқарылған негізгі жұмыстарына, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне арналған «Тәуелсіздік жылнамасы» бейнефильмі көрсетіледі.
Басқосу барысында облыс әкімі жиынның маңыздылығына, ағымдағы жылы аталып өтетін даталарға тоқталады. Бұдан бөлек, өңірде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай іске асатын «30 игі іс» жобасының жүзеге асырылатынын айтты. Аталған жоба аясында 136 әлеуметтік, 150 инфрақұрылымдық нысан ел игілігіне беріледі.
Жиын барысында ҚР Тұңғыш Президенті кеңсесінің басшысы Махмут Қасымбек аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевқа республикада алғаш рет өткізіп жатқан түлектер кездесуі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатын оқып берді.
Шараға жиналған танымал түлектер әрдайым өздерінің туған жерінің дамуына, көркеюіне үлес қосатындықтарын, тілектес екендіктерін айтып, өз ұсыныстарын да ортаға салды.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері Жамбыл облысындағы мектептерді 400 мыңнан астам түлек бітірген. Олар соңғы бес жылда білім мекемелеріне 2 миллиардтеңгеге жуық демеушілік көмек көрсеткен.
Жиын соңында аймақтың дамуына үлес қосқан азаматтарға «Жомарт түлек-2021» сыйлығы табысталды.