Өміріңізде бір рет болсын ақша жинауға тырысып көрген боларсыз. Әдетте, біз ақшаны қандай да бір арманымызды орындау үшін жинаймыз. Алайда қажет соманы жинау және оны сақтап қою кез келгеннің қолынан келе бермейді. Жиі адамдар ақшаны жаңа немесе аса қажет емес затты сатып алуға жұмсайды. Тіпті, кейде жаңа түскен жалақыңыз қалай азайып қалғанын байқамай қалуыңыз мүмкін. Мұндай жағдай орын алмас үшін ақшаны қалай үнемудеуге болатынын біле жүрген дұрыс.
1. Мақсат қойыңыз
Ең алдымен мақсат қоюыуыңыз керек. Соның арқасында артық ақшаны жұмсамай, жинауға мотивация пайда болады.
2. Дүкенге аш қарынмен бармаңыз
Әдетте, адамдар ауыр жұмыс күнінен кейін дүкенге соғады. Бұл кезде қарныңыз аш болады, шаршап тұрасыз, сондықтан қымбат тұратын және жиі пайдалы емес дайын тағам сатып аласыз. Сондай-ақ үйге біраз уақытқа жететін азық-түлік алуға шыққанда да, тамақ ішіп алып барған дұрыс. Егер қарныңыз ашып тұрса, тізімнен ауытқып, артық нәрселер алып қоюыңыз мүмкін.
3. Зиянды әдеттерден бас тартыңыз
Темекі тарту, алкоголь ішу физикалық саулығымызды нашарлатады және қаржыңыздың да азаюына ықпал етеді. Сондықтан зиянды әдеттерден барынша тез арылған дұрыс.
4. Жұмысқа түскі асты үйден әкеліңіз
Сырттан тамақтануға қаражатыңыздың біраз бөлігі кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше үйден тамақ дайындап әкелген дұрыс.
5. Азық-түлік тізімін жасаңыз
Біз дүкенге аш болып келгенде ғана емес, нақты не қалайтынымызды білмеген кезде де артық ақша жұмсап қоямыз. Сондықтан дүкеннен не алатыныңызды үйде алдын ала ойластырып, тізім құрып алған дұрыс.
6. Жеңілдік картасын қолданыңыз
Егер бір дүкенге өте жиі баратын болсаңыз, сол дүкеннің жеңілдік картасын алған артық етпейді. Әдетте, мұндай карталарда бонус жинауға болады.
7. Коммуналды шығындарды бақылаңыз
Электр қуаты мен суды үнемдеуді әдетке айналдырыңыз. Мысалы, бөлмеден шыққанда жарықты өшіріп жүріңіз және пайдаланбасаңыз, суды ағызып қоймаңыз.
8. Қызықты жинақ сандықша алыңыз
Кейде қызықты және шабыт беретін нәрсе жетіспейді. Мысалы, көңіліңізді көтеретін немесе арманыңызбен ассоциацияланатын жинақ сандықша сатып алыңыз.
9. Тек сапалы заттар алыңыз
Кейде жақсы және қажет затты көріп, сатып алғымыз келеді. Бірақ ақшасы қымбат болып тұрса, оның орнына бірнеше арзан зат алуды жөн көреміз. Алайда сапалы зат алуға тырысу керек. Сапалы нәрсе ұзақ қызмет етеді.
10. Ескі қажет емес заттарды сатып жіберіңіз
Жалпы үйге қажет емес және көптен бері қолданбайтын нәрселерді жинай бермеген дұрыс. Алайда сізге қажет емес зат басқаға керек болуы мүмкін. Сондықтан оны өз бағасының жартысына болса да сатып жіберуге болады.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz.