Дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметовтің ата-анасы баласының жеңісі жайында пікірін білді.
Қазақстандық дзюдошы 60 келі салмақта финалда франциялық Лука Мхеидзенің осал тұсын тапты.
«Қолдау көрсеткен қазақстандық азаматтарға ризашылық білдіреміз. Оған барлық тілеулес жұрт, бапкерлері үлкен сенім артты. Елдің сенімін ақтады», — деді әкесі Бақтыбай Сметов.
Анасы Тоқтагүл Сметова баласының әрбір кездесуін теледидар арқылы тамашалай алмайтынын айтады.
«Ол күрескен кезде тілеуін тілеп далада жүремін. Белдесу өтетін бес минут мен үшін ұзаққа созылады. Көк туымызды көкке көтеруіне қашан да тілекші болдым», — дейді ол.
Париж Олимпиадасында ол нидерландылық Торнике Чкадуаны, украиналық Дильшот Халматов, тайпэйлік Янг Ю Вей, испаниялық Франсиско Гарригосты жеңді.
Ал финалда франциялық Лука Мхеидзенің осал тұсын тапты.
Айта кетсек, Елдос бұдан бұрын 2016 жылы Рио де Жанейрода күміс, 2020 жылғы Токиода қола медаль олжалаған болатын.
Ол Олимпиада жолдамасына маусым айында елімізде 60 келі салмақта өткен іріктеу турнирінде Мағжан Шамшадин, Нұрқанат Серікбаевты жеңгеннен кейін қол жеткізген еді.
Сондай-ақ, ол дзюдо спортынан елімізден шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды.