Биыл Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында батысқазақстандық Бекнұр Серіковтің теңге ілуден чемпион атанғаны белгілі. Kazinform тілшісі осынау әлемдік жарыс жеңімпазымен тілдесіп, сұхбаттасқан еді.
— Бекнұр Сейтекұлы, теңге ілу спортына қалай келдің, алдымен осыған тоқталсаң ?
— Ауылдың қарадомалақ балаларының бірі болдым. Өзім Казталов ауданы Сарықұдық ауылында туып-өстім. 2001 жылы өмір есігін аштым. Кішкентайымнан атқа жақын болдым. Теңге ілумен 2015 жылдан айналыса бастадым. 2018 жылдан жарысқа шықтым. Бірден облыс қана емес, Қазақстан чемпионатында үздік атандым.
— Теңге ілуден басқа қандай спорт түрімен айналысасың ?
— Мектепте оқып жүргенде, 5-9 сыныпта бес жылдай дзюдо күресіне ден қойдым. Көкпар ойынына да қатысып жүрмін. Садақ тартып, асау үйретемін. Асау үйретудің өзі бір өнер деп есептеймін. Ат жалына жармасып, тақымың мықты болса, кез келген жылқыны өз ырқыңа бағындырасың. Қазақ халқы оны қасиетті түлік деп есептеген. Жылқыны алғаш қолға үйреткен бабаларымыз екен. Ендеше, соның байыбына барып, жануарды ұстай білсең, ол да сені түсінеді.
— Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде қалай чемпион атандың? Бәсекелестік мықты болды ма ?
— Көшпенділер ойындарынан теңге ілуден 13 мемлекеттен 33 спортшы қатысып, бақ сынады. Өзімнің дайындығым мен шеберлігімді көрсетіп, қазақ елінің туын көкке желбіретіп, жеңімпаз атандым. Ел намысын абыроймен қорғаудың өзі үлкен бақыт. Мұның бәрі, әрине, тыңғылықты әзірлікпен, қажырлы еңбекпен келеді. Бәсекелестік аса мықты болды деп айта алмаймын. Көкпар сияқты, теңге ілуде де біздің негізгі қарсыластарымыз қырғыздар ғой.
— Өз бапкерлерің жөнінде айта кетсең ?
— «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген, біз де алдымыздағы ағаларымызға қарап өстік, солардан тәлім-тәрбие алдық. Бапкерлерім Ақылбек Меңдіғалиев, Ақтілек Сәрсенов – екеуі де мықты жандар. Сырым ауданының Бұлдырты ауылында туып-өсіп, қазір өңірдің ұлттық спортын өрге тартып келеді. Ақтілек аға – ұлттық спорт түрлерінен Батыс Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы. Ақылбек аға – ұлттық дәрежедегі төреші. Екеуінен де үйренгенім көп. Менен бұрын облыстан теңге ілуден Армат Сәрсекенов жарқырап шығып, кезінде ел чемпионы атанған. Осындай жандардан үлгі алып, алға басып келе жатқан жайымыз бар.
— Қазақтың ұлттық ойындарын кеңінен дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсың ?
— Ұлттық ойындарымызды дамыту үшін көп еңбектену керек. Ұдайы жұмыс жасау қажет. Көкпар, теңге ілу, қазақ күресі болсын, мықты балаларды тартып, дайындаса, олардың арасынан да жеңімпаздар шығады. Сосын ұлттық ойындарымызды тек ел ішінде өткізіп қана қоймай, шет мемлекеттерде де көрсетіп, насихаттаса, кеңінен тарала түсер еді.
— Осы жерде сөзің аузыңда, қазақ күресін олимпиада бағдарламасына енгізуге болады ма ?
— Менің ойымша, ұлттық спорт түрлері ішінен қазақ күресін олимпиада бағдарламасына енгізуге болады деп ойлаймын. Кейінгі жылдары «Қазақстан барысы», «Әлем барысы» сияқты айтулы додалар өтіп жүр ғой. Міне, соның аясын кеңейтіп, көптеген ел қазақ күресінен балуандарын шығарып, басқалай да жұмыстар тиісті деңгейінде жасалса, олимпиада бағдарламасына енгізуге мүмкіндік туар еді. Көкпар туралы айтсақ, бұл енді қазақ пен қырғызда ғана мықты дамыған спорт түрі ғой.
— Алдағы арман-мақсаттарың қандай ?
— Өзімнің ойымша, ең мықты адам жарысты ұтқан, қолы бәріне жеткен жан емес қой. Өзі бір нәрсені үйреніп, соны басқаларға үйрете білген адамды мықты дер едім. Сондықтан айтулы додаларда топ жарып шыға алатындай бізден кейінгі лекті дайындауымыз керек. Алдағы мақсатымыз да сол. Бауырларымызды, інілерімізді қатарымызға тартып, атқа деген махаббатын ояту. Атқа мінген бала қорықпайды. Жүректі болады, қызуқанды болады. Қызуқанды дегеніміз, ондай жігіт өзінің елін, жерін, отбасын қорғай алады. Уайым-қайғы үш жерде: қатынның қойнында, сапардың жолында, аттың жалында қалады деген сөз бар. Аттың жалында қияметке дейін жақсылық байланған. Аттың жем-шөбін беріп, бағып-күтсең, үстін тарасаң, сауап. Балаларға осыны ұғындырып, соңымыздан ерте білу – басты мақсатым.
— Атқа мінген қазақтың рухы мықты, бағы үстем дейсің ғой ?
— Оған сөз бар ма! Атқа мінген адам ауырмайды, денсаулығы мықты болады. Бабаларымыз ат үстінде жүріп шыныға білген. Атқа мінгеннің өзі терапия, ем дер едім. Атқа мінген адам 60-70 жасқа келсе де, жас баладай ширығып тұрады. Жалпы, жылқының пайдасы шаш етектен. Саумал ішсең, сауығасың, 110 түрлі ауруға ем дейді. Қанды қыздыратын қымызын айтсаңшы! Бір сөзбен айтқанда, атқа мінсең, ауырмайсың, атпен ауырсаң, жазылмайсың. Біз сол атпен «ауырып, жазыла алмай» жүрміз. Бұған еш өкінген емеспіз. Қайта ұлттық спорт түрлерінің күш алып, жанданып жатқанына қуанамыз. Соған шүкіршілік етеміз. Қазақ елі аман болса, атпен де біраз жерге жетеміз, талай асуды аламыз деп сенемін.
— Әңгімеңе рахмет. Алда алар асулар көп болсын!
Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдошы Нұрсұлтан Зайзағалиевтің олимпиадаға қатысу басты арманы екендігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.