Бүгінде Байзақ аудан тұрғындарының саны 106 253 адамды құраса, оның ішінде, тұрақты түрде дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтар саны 31 670 адам немесе халық санының 29,8 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 940 адамға көбейіп, облыс аудандары арасындағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі саналады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жалпы, аудан бойынша 1 стадион, 1 спорт кешені, 34 спорт зал, 170 жазықтықты құрылғы, 23 орнатылған спорт залдары бар. Спорт нысандарының ішінде 2018-2019 жылдары пайдалануға берілген 20 көше жаттығу қондырғылары орнатылған спорт алаңшаларының 16-сы жергілікті тұрғындардың ұйымшылдығы және кәсіпкерлердің демеушілігімен салынған. Үстіміздегі жылы жергілікті бюджет есебінен үш кіші футбол алаңшасы салынса, Бурыл, Сарыкемер ауылдарында екі бірдей кіші футбол алаңшасының құрылыстары басталып, жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңға, барлық елдімекендердің спорттық нысандарында ауыл тұрғындарына спортпен айналысуға мүмкіндік жасау мақсатында кешкі, сабақтан тыс уақытта түрлі спорт түрлерінен айналысу кестелері жасалған және аудан тұрғындары осы спорттық нысандарда дене шынықтыру және спортпен еш кедергісіз айналысуда.
Одан өзге, дене шынықтыру және спорт саласы бойынша ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында үш спорт нысанын жасау жобаланған. Атап айтқанда, Сарыкемер ауылындағы Ж.Үшкемпіров атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, Сарыкемер ауылының орталық стадионы аумағынан шағын футбол алаңшасын орнату және баскетбол алаңының бастырмасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасалмақ. Ж.Үшкемпіров атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жасалынғаннан кейін, спорт нысаны қайта жаңғырып, балаларға барлық жағдайы жасалынған заманауи спорт нысанына айналатын болады. Ал, халықаралық стандартқа сай келетін шағын футбол алаңшасының құрылысы басталып кетсе, баскетбол алаңының бастырмасы жөндеу жұмыстарынан кейін құрамдастырылған спорт алаңы ретінде қайта жаңғырып, ел игілігіне берілмек.
Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының 2018 жылы атқарған жұмысының қорытындысы бойынша облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен мәжілістің 2019 жылғы 24 қаңтардағы №15 хаттамасы 10 тармағының 2 тармақшасына сәйкес, өзендердің жанынан шағын, қарапайым жүзу бассейндерін жасап, жеткіншектерді жүзуге үйретуді қолға алу тапсырмасын орындау мақсатында, Сарыкемер ауылындағы «Дамира» бассейнімен оқушылардың жаздық каникул уақыттарында жүзуге үйрету үшін тиісті 450 мың теңге көлемінде келісім шарт жасалынды. Келісім шарт бойынша жаз мезгілінің аяғына 90 бала суда жүзуді үйренуде.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында, ауданда өткен жылы 825 спорттық іс-шара, ал, ағымдағы жылдың алты айында барлығы 502 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 41 859 адам қамтылған. Салауатты өмір салтын насихаттау бағытында өткізілген 502 спорттық іс-шараның 46-сы аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің және қалған спорттық іс-шара жалпы білім беру мекемелерінде, ауылдық округтерде, негізінен жастар және спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушыларымен, дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен өткізілген. Сонымен қатар, спорт мекемелерінде тоқсан сайын білім мекемелері арасында «Ашық есік күндерін» өткізу дәстүрге айналған.
Қаңтар айынан маусым айына дейін ауданда ауқымды және жүйелі түрде ұйымдастырылған спорттық іс-шаралар: кіші футбол, волейбол, баскетболдан аудан әкімінің кубогі үшін ересектер арасындағы айналма әдісімен аудан чемпионаттары өз деңгейінде өтсе, бұдан бөлек жасөспірімдер арасындағы «Спорт ізбасарлары» аудандық турнирі, асық ату, тоғызқұмалақ, шахмат, баскетболдан аудандық спартакиадалар ұйымдастырылды. Сондай-ақ облыстық кезеңдерімен жүйелі түрде аула ойындары, қазақ күресінен «Қазақстан Барысы», мемлекеттік қызметшілердің спартакиадасы аудандық іріктеу жарыстарымен қатар «Дүниежүзілік денсаулық күнінен — Спорт күніне дейін» жеңіл атлетикалық жүгіруден, Жазғы спорт маусымының ашылуына арналған «Байзақ спорты — 2019» аудандық спартакиадалы өткізілді.
Аудандық бөлімге бағынысты спорт мектептерінде барлығы 17 спорт түрі: бокс, қазақ күресі, дзю-до күресі, грек-рим күресі, еркін күрес, қол күресі, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, көкпар ойыны, таеквондо, каратэ-до, футбол, асық ату және ауыр атлетика қызмет жасайды.
Сарыкемер, Мәдімар, Қызыл жұлдыз және Бурыл ауылдарында стрит воркаут қондырғылары орнатылып, спорт алаңшалары салынса, 16 елдімекенде осыған ұқсас қарапайым көше жаттығулары алаңшалары бар.
2018 жылдың сәуір айынан бастап, Түймекент ауылында спорт бағытындағы аула клубы жұмыс істейді. Аула клубында 8 шататтық бірлікпен 9 жаттықтырушы 24 оқу тобымен жұмыс істейді. Оқу топтарында барлығы 480 оқушы 8 спорт түрі дзю-до, қол күресі, нысана көздеу, көгалдағы хоккей, футбол, аула ойындары, шахмат, құсбегі бойынша шұғылдануда.