Мойынқұм ауданында «Әулиеата аруы-2021» тақырыбында «Қыз сыны» байқауы өтті

0 31

Қазақстан Републикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында «Әулиеата аруы-2021» тақырыбында аудандық «Қыз сыны» байқауы өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Әулиеата аруы — 2021» байқауы аудандық мәдениет үйінің мәжіліс залында жастар арасында қазақ халқының төл мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін дәріптеп, қыз баланың инабаттылығын, парасаттылығын байқау арқылы көрсету, ата-баба дәстүрін насихаттау мақсатында өтті. Ұлтымыздың әдет-ғұрпын ұлықтауға арналған іс-шараға  Жамбыл, Бірлік, Қылышбай, Биназар, Ұланбел, Хантау, Кеңес, Мойынқұм ауылдық округтерінің 9 аруы қатысып, үш кезең бойынша сынға түсті.

Байқауды ашқан аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов қазақ қоғамындағы қыз баланың орнына тоқталып, байқауға қатысушы аруларға сәттілік тіледі.
Байқаудың «Сымбат пен сыры жарасқан» кезеңінде үміткерлер білім, өнер жолындағы жетістіктерінен 2 минуттық слайд дайындап көрсетсе, көрсетілім соңында өзінің ұлттық бейнесін, сахналық сән-сымбатын, қазақ қызына тән әдебімен өзін-өзі таныстырды. «Анадан тәлім алған қыз» бөлімінде ас мәзірі мен қолөнері бойынша дайындап әкелген жұмыстарының дайындалу барысын 1 минуттық видеодан көрсетіп, қазылар алқасына ұсынып отырды. Бұдан кейін экрандағы ұяшықты таңдау арқылы салт-дәстүр, ұлттық таным тұрғысындағы сұрақтарға жауап бepді. Ал «Сахналық ұлттық өнер» бөлімінде арулар халқымызға тән өнер түрлерін паш етті. Онда қазақ қызының тек жарқын бейнесі ғана назарға алыну керектігі ескертіліп, мұңлы монологтарға тыйым салынды. Сондай-ақ тіл нормасының сақталуына, сахна мәдениетіне де баса назар аударылды.

Әр кезеңде қыздар тапқырлық танытып, сыннан сүрінбей өтіп жатты. Бірінің жауабы бірінен асып түсіп, жоғары балға қол жеткізген аруларды бағалауда оңайға түскен жоқ. Дегенмен барлық қарсыласына қарағанда әрбір сұраққа ұтымды, дәл жауап бере біліп, өз өнері, білімімен дараланған О. Жандосов атындағы орта мектебінің ұстазы Сымбат Жақан мен Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Сәния Қалқаман I орынды жеңіп алды. II орынды бірліктік ару Ділнәз Үсенова, III орынды Ұланбел ауылынан келген Ақнәз Болат, қылышбайлық арулар Тоғжан Сүгірбай мен Алтынай Жазит өзара бөлісті.

Әділқазылар алқасының төрайымы кітапхана әдіскері Сая Күлекеева, мүшелері, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғани Қалыбеков, аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің тілшісі Алуа Үмбетқұлова, аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Гүлгүл Тәйтімовалар аталған байқаудың артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталып, барлық аруларды аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірхановтың дипломдарымен марапаттап, бағалы сыйлықтарын табыс етті.

Байқауға қатысушылардың ең жасы 14 жастағы Қылышбай ауылының тұрғыны Тоғжан Сүгірбай болды. Ол домбырамен күмбірлете күй шерткенде зал іші тыныштала қалды. Ал биназарлық Сымбат Жақан бишілік қырынан танылып, үш тілде өзін-өзі таныстырса, бірліктік Ділнәз Үсенова сұрақтарға мүдірмей жауап берді. Мойынқұмдық Сәния Қалқаман көркем сөз шебері екендігін байқатты. Арулардың барлығы да ас мәзірін дайындаудың асқан шебері екенін, дәмді торттары мен ұлттық тамақтарының дәмін татып білдік.

Арулардың әрқайсысы өзінше осындай даралығымен, даналығымен бір-бірінен кем түспеді. Бұлардың барлығына бірдей орын берсе де болар еді. Алайда байқау болған соң жеңіс те, жеңіліс те болатыны белгілі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.