Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді

0 38

Жамбыл облысына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен келді. Сапардың негізгі мақсаты – өңірдегі денсаулық сақтау саласының қазіргі ахуалымен танысу, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелерін талқылау және саладағы өзекті бағыттар бойынша нақты міндеттерді айқындау.

Жұмыс сапары аясында министр облыс әкімдігі басшылығымен кездесіп, өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты маңызды мәселелерді қарастырады. Кездесу барысында халыққа медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, кадрлық әлеуетті нығайту және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы талқыланады.

Сондай-ақ министр Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы, Амир және Д медициналық мекемесі және Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы қызметімен танысады. Медициналық ұйымдарды аралау барысында емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы, заманауи медициналық жабдықтармен қамтылуы, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен мамандардың жұмысы зерделенеді.

Бағдарлама аясында медицина қауымдастығының өкілдерімен кеңейтілген кеңес өткізу жоспарланған. Жиында Жамбыл облысындағы медициналық көмектің сапасы, эпидемиологиялық жағдай, иммунопрофилактика шаралары, халық денсаулығын нығайту және денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелер талқыланады. Сонымен қатар саладағы жетістіктер мен шешімін қажет ететін түйткілдер бойынша ұсыныстар қаралады.

Жұмыс сапарының екінші күні министр Байзақ ауданы тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Бұл кездесу тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныс-пікірлерді тыңдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар министр Байзақ дәрігерлік амбулаториясы мен орталық аудандық емхананың жұмысымен танысып, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің ұйымдастырылу деңгейін, медициналық қызметтердің қолжетімділігін және мекемелердің жұмыс тиімділігін бағалайды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін арнайы брифинг өткізу жоспарланған. Онда сапар барысында көтерілген мәселелер, қабылданған шешімдер және өңірдің денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға бағытталған алдағы міндеттер туралы кеңінен ақпарат беріледі. Министрдің бұл сапары Жамбыл облысындағы медициналық қызмет сапасын арттыруға және халық денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.