Премьер-министр Әлихан Смайылов алдағы жылыту маусымына дайындық шараларының есебін тыңдады. Үкімет басшысы жылыту маусымына аз ғана уақыт қалса да, жылу орталықтарының дайындығы мәз емес екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Смайылов жылу көздерін жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмай қалуы мүмкін екенін мәлімдеді.
“Жылыту маусымының басталуына өте аз уақыт қалды. Солтүстік және шығыс өңірлерде жылыту маусымы ауа-райына байланысты мерзімінен ерте басталуы мүмкін. Көріп отырғанымыздай, бүгінгі таңда жылыту маусымын бастау үшін бастапқы дайындық бар. Сонымен бірге, кейбір жылу көздерін жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмай қалуы мүмкін”, – деді Смайылов.
Сондай-ақ ол Жезқазғандағы қазандықты жөндеу жұмыстарының небәрі 4%-і ғана орындалғанын айтты.
«Жезқазған жылу орталығындағы №4 қазандықты жоспарлы жөндеу әлі аяқталған жоқ, ал №9 қазандықта жұмыстардың небары 4%-ы ғана орындалған», — деді Әлихан Смайылов үкімет отырысында.
Ал, Теміртау қаласының №2 жылу электр орталығында №4 қазандықты жөндеу қазан айының соңына дейін ұзартылған. Үкімет басшысы Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының энергия кәсіпорындарында жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жүргізіліп отырғанын да мәлімдеді.
«Аталған өңір әкімдері Энергетика министрлігімен бірге жөндеу жұмыстарына күнделікті мониторинг жүргізіп, алдағы маусымда қажетті жылу беруді қамтамасыз етуі тиіс», — деді үкімет басшысы.
Сондай-ақ, Әлихан Смайылов Абай, Атырау облыстарында және Астанада бірқатар әлеуметтік нысандарды дайындау жұмыстары аяқталмағанын да тоқталды. Смайылов бұл кемшіліктерді екі апта ішінде шешуге тапсырма берді. Өңір әкімдеріне энергетика министрлігімен бірлесіп жөндеу жұмыстарына күнделікті мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды.