Ла Скалада ән салған тұңғыш қазақ

0 3
Қазақ ән өнеріне тың жаңалық болып келген жерлесіміз, атақты опера әншісі, тенор, ұлағатты ұстаз Амангелді Сембиннің туғанына 80 жыл. Осыған орай, бүгін аудандық мәдениет үйінде «Ла Скалада ән салған тұңғыш қазақ» атты Құрмет кеші ұйымдастырылды.
Алдымен мәдениет үйінің алаңында аудан жұртшылығы шараға келген құрметті қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алды. Қадірменді меймандардың қатарында Еңбек Ері, кино және театр актері Асанәлі Әшімов, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ақын Маралтай Райымбекұлы бастаған зиялы қауым өкілдері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен қоғам қайраткерлері бар.
Алаңда Құрманғазының «Көңілашар» күйі ерекше рух берді. Алдымен аудандық мәдениет үйі фойесінде кітапхана қызметкерлері келген қонақтарды кітаптар инсталляциясымен, суретті галереямен таныстырды.
Шараның шымылдығы «Сарысу» халықтық театрының «Мен әлі ораламын әніммен…» атты көрінісімен ашылды. Сахнада Амангелді Сембиннің өмір жолы, шығармашылығы туралы көрінісі көпшіліктің көңілінен шықты.
Құрмет кешінде аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, сахна саңлағы Амангелді Сембиннің өмір жолынан тағылымды ойлар айтты. Сонымен қатар, КСРО халық артисі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асанәлі Әшімов, Амангелді Сембиннің жұбайы Сайраш Сембина және Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының кеңесшісі, ақын Маралтай Райымбекұлы да сөз сөйлеп, Амангелді Сембин туралы естеліктерімен бөлісті. Құрметті қонақтардың иықтарына аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы зерделі шапан жауып, қазақы дәстүрдің үлгісін танытты. Сондай-ақ, аудан әкімі Амангелді Сембиннің 80 жылдығына арналған облыстық Қазақ күресінен ересектер арасында «Түйе палуан» ашық турнирі және Амангелді Сембиннің ән әлеміндегі репертуарынан Талас, Созақ, Сарысу аудандары арасында «Ақбақай» атты аймақтық ән байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дипломмен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Сонымен қатар, қадірменді меймандар Еңбек ардагері, Облыстық архитектуралық бюроның сарапшысы, Тараз қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Болат Мәдікенов пен Сарысу ауданының Құрметті азаматы Болатбек Дондаұлы жылы лебіздерін арнады.
ЛЭД экраннан күміс көмей әнші Амангелді Сембиннің мұрағатта сақталған бейнежазбадағы әнін көрермендер асқан толқыныспен тамашалады. Сахнада Амангелді Сембиннің 80 жылдығына орай, оқу-ағарту ісінің ардагері Дина Нақыпованың «Үнің кетпес құлақтан» және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президент сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбайдың «Қарғаш» атты кітаптарының тұсаулары кесіліп, оқырмандарға жол тартты. Кітаптардың тұсауын аудан әкімі Сәкен Мамытов,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Пернебай Дүйсенбин,
және «Үнің кетпес құлақтан» кітабының авторы Дина Нақыпова кесті.
Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласып, әнші, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Қайрат Жүнісов, әнші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, Амангелді Сембиннің шәкірті, әнші Торғын Смайылова және дәстүрлі әнші Айгүл Мақашева, Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының солисттері Есенгелді Ырза, Бекзат Абитов, Нұрғалым Аманбай және А. Сембиннің туысы әрі академ әнші Мұқағали Мырзамбековтер кеш қонақтарына арнап әуелете ән шырқады.
Leave A Reply

Your email address will not be published.