Велofest – салауатты өмір салты

0 8

Сарысу ауданындағы Орталық алаңда аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай «ВелоFest – салауатты өмір салты» атты веложарыс өтті. Аталған шараның негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа қызығушылықты арттыру және зиянды әдеттердің алдын алу болып табылады. Веложарысқа спортты серік еткен жас велошабандоздар белсене қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды.

Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркенов құттықтау сөз сөйлеп, мұндай спорттық іс-шаралардың жастарды салауатты өмір салтына баулудағы маңызына тоқталды. Ол жастардың спортқа бейімділігін арттыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қоғамда дұрыс бағыт қалыптастыруда осындай шаралардың рөлі зор екенін атап өтті. Сонымен қатар Сарысу ауданы бойынша полиция бөлімінің бастығы Ринат Оразбайұлы да сөз алып, қатысушыларға сәттілік тілеп, қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау қажеттігін ескертті.

Жарыс барысында қатысушылар өзара тартысты бәсекеге түсіп, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Велошабандоздар белгіленген қашықтықты еңсеру кезінде жылдамдық, төзімділік және шеберлік жағынан сынға түсті. Көрермендер де спортшыларға қолдау көрсетіп, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша 1-орынды Төрехан Нұрасыл, 2-орынды Ерғаш Диар, 3-орынды Сердалы Досымжан, 4-орынды Жолдасбек Беделхан және 5-орынды Аймахан Мейірхан иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, олардың еңбегі мен жетістігі жоғары бағаланды.

Жалпы алғанда, «ВелоFest – салауатты өмір салты» веложарысы жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара ретінде жоғары деңгейде өтті.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.