Кеселі көпке тиген қауіпті індетке қарсы тұру үшін Талас ауданы тұрғындары екпе алудың маңыздылығын ұғынып, кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан вакцинациялауға белсене қатысуда. Талас ауданы орталық ауруханасында қарсы көрсетілімдері жоқ, 18 жастан асқан 365 адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның 1-компоненті және 140 адамға вакцинаның 2-компоненті салынды, — деп жазады “ZhambylNews” АА.
Вакцина салдырған тұлғалардың ішінде 248 медицина қызметкерлері, 34 мұғалім, 3 аймақтық полиция қызметкері, 1 студент және 6 мемлекеттік қызметкер мен 73 басқа да азаматтар бар.
Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның 1 және 2 – компонентін егу жұмыстары биологиялық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүзеге асырылады. Вакцинаның 1-компоненті емхананың бірінші қабатында салынады. Вакцина салдырушы тұлға арнайы ұйымдастырылған дәрігерлік қарау бөлмесінен өткен соң вакцина салынатын бөлмеде екпе қабылдап, вакцина салдырған соң 30 минут бойы арнайы бақылайтын бөлмеде қарауда болады. Вакцинаның екінші компоненті бөлек, емхананың екінші қабатында салынады. Оған да арнайы 3 бөлме ұйымдастырылған.
Сонымен қатар емхана базасында салынатын вакцинация жүктемесі күніне 60 адамнан аспайтындықтан, шалғай елді мекендердің тұрғындары арасында вакцинация жұмыстарын жүргізу мақсатында жылжымалы егу кабинетін ұйымдастыру жоспарлануда.
Вакцинаның 1-компонентін алған тұлғалар үшін арнайы жаднама жасалынып, екпе салдырғанәрбір тұлғаға беріледі. Сондай-ақ, емхананың ақпарат бұрыштарында вакцинация жайлы көрнекі құралдар орналастырылған.
2021 жылдың соңына дейін Талас ауданы тұрғындарының 60% -на вакцина салу жоспарлануда. Қазіргі таңда ауданға 1 және 2-компоненттен 400 доза вакцина әкелінді.