Шу ауданында құны 1,2 млрд теңгені құрайтын азық-түлік қоймасы салынды. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров айтты, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
«Ауданда өндірілген жалпы өнім көлемі 18,3 млрд. теңгені құрады. Биылғы жылға ауданымызға барлық мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 9,1 млрд теңге қаражат бөлініп, бұл қаржыға 43 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жобаларды іске асыру арқылы 1,5 мың жұмыс орыны ашылады деп күтілуде» — деді Н.Календеров.
Аудан экономикасының негізгі қозғаушы саласы ауыл шаруашылығы. Биылғы жылдың өнімі үшін 126 931 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылып, 10 084 гектарға сүр (пар) айдалды. Жер пайдалану көрсеткіші 100%-ке орындалып,
46 219 гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 9050 гектарға майлы дақылдар, 900 гектарға қант қызылшасы және 1500 гектарға картоп орналасты. 16 662 гектар көкөніс пен 10 000 гектар бақша дақылдары егілген.
Спикердің айтуынша, 7 500 гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, өткен жылмен салыстырғанда су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптар 2000 гектарға ұлғайды.
Бүгінгі күні азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау күн тәртібінде. Осы бағытта Бірлік ауылынан сыйымдылығы 20,0 мың тоннаны құрайтын заманауи технологиямен жабдықталған көкөніс сақтау қоймасының құрылысы жүріп жатыр. Нысанның құны 1,2 млрд. теңгені құрайды. Қойма қолданысқа берілгеннен кейін маусымаралық кезеңде баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді.