Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі бірқатар құрылыс нысандарын аралады

0 11

Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов жұмыс сапасына баға беру мақсатында аудандағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап шықты, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Аудан басшысы барған алғашқы нысан – Құлан ауылының батыс кіреберісіне орнатылып жатқан арка болды. Жалпы биыл аудан орталығы ерекше реңкке бөленбек. Бұл бағытта аудан басшылары бірқатар жобаларды қолға алып, бүгінде жүзеге асыруда. Солардың бірі осы – Құлан ауылының батыс кіреберісіне орнатылып жатқан арка. Аталмыш арка ауыл көркін ашып қана қоймай, аудан беделіне айналмақ. Сондықтан да аталмыш құрылыс нысанын аудан басшысы өз бақылауында ұстап отыр.

Құрылысты «К плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Мердігер компания өкілдеріне аудан әкімі құрылыс жұмыстары жобалық-сметалық құжатқа сай жасалынып, уақтылы әрі сапалы жүргізілу керектігін ескертті.

Сондай-ақ, Ерболат Салқынбекұлы «Жеңіс» саябағын көркейту жұмыстарымен де танысты. Алдағы уақытта жаңа келбеттегі саябақта спортпен айналысатын алаң мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды салу көзделіп отыр. Аудан әкімі бұл жұмысты жүргізіп жатқан «АйсуСтройЭхсперт» мекемесі қызметкерлеріне жарық шамдар орнату мен жаяу жүргіншілер жолын салу кезінде сапаға баса мән беру керектігін айтты. Сонымен қатар, аудан әкімі саябақ аумағын абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалдырмай, жоспарға сәйкес қатар орындалу керектігін ескертті.

Аудан әкімінің есеп беру жиналыстарының бірінде Жібек жолы көшесінен орталық ауруханаға апаратын жолдың жайы тұрғындар тарапынан көтерілген болатын. Бүгінде бұл жұмыста құрылыс жоспарына енгізіліп, жұмыстар жоғары деңгейде жүргізілуде. Аталмыш жұмысты бақылап қайтқан аудан басшысы құрылысты уақытылы аяқтау керектігін атап өтіп, Құлан ауылының әкімі Е.Сейтжапаровқа жұмыстың сапалы әрі тиянақты орындалуын сәт сайын қадағалап тұруды жүктеді.

Сонымен қатар, аудан әкімі өз іс сапарында Панфилов көшесіндегі көпқабатты үйлерінің ауласына балалар ойын алаңын орнату және абаттандыру, көше бойын жарықтандыру жұмыстарымен танысты.

Бұдан бөлек, өткен жылы қолға алынған Құлан ауылындағы су іркуіш ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Айта кететіні, жөндеу жұмыстарынан кейін жарамсыз деп танылған уақыттан бері туындаған жер асты суын тұндыру проблемалары өз шешімін табатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.