Облыс әкімі жамбылдық ҰОС ардагерлеріне Президент құттықтауын табыстады

0 2

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, Мемлекет басшысының атынан құрмет көрсетті.

Өңір басшысы жамбылдық Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты мен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін салтанатты түрде табыстады.

Әуелі 99 жастағы ардагер Мүтәліп Ережепбаевтың шаңырағында болды. Талас ауданының тумасы 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Жеңістен кейін әйгілі Брест қаласын қалпына келтіруге қатысқан. 1950 жылы елге оралып, партия жұмыстарына белсене араласып, журналистика саласында жемісті еңбек еткен. II дәрежелі Отан соғысы ордені мен түрлі медальдармен, құрмет грамоталарымен марапатталған. Шығармашылықты жанына серік еткен қарияның бірнеше жинағы жарық көрген. Бүгінде өмірлік серігімен бірге ұрпағының ортасында, немере-шөбересінің қызығына бөленіп отыр.

Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев ҰОС ардагері Геннадий Ивановты да құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Геннадий Иванов 1926 жылы дүниеге келген. 1943 жылы, небәрі 17 жасында Қызыл Армия қатарына алынып, 1945 жылдың маусым айына дейін майдан шебінде жауынгерлік ерлік көрсеткен. Соғыстан кейін әскери қызметін жалғастырған. Запасқа шыққан соң педагогикалық институтты аяқтап, ұзақ жылдар бойы қала мектептерінде математика пәнінен сабақ берген. II дәрежелі Отан соғысы ордені және 12 мерекелік медальмен марапатталған.

Бұл күні Ербол Қарашөкеев ҰОС ардагерлері — Шалданбай Шанбаев, Иван Макеев және Григорий Нещеретневке де Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, мерекелік марапаттарын табыстады.

Өңір басшысы майдангерлердің ерлік жолы – жас ұрпақ үшін мәңгілік өнеге екенін атап өтіп, ардагерлерге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.