Қатерлі ісік — әлемдегі ең көп таралған аурулардың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әрбір алтыншы өлім онкологиялық ауруларға байланысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Finprom.kz порталының мәліметінше, қатерлі ісіктің ең көп тараған түрлеріне сүт безі қатерлі ісігі, өкпе қатерлі ісігі, тоқ ішек және тік ішек қатерлі ісігі, қуықасты безі қатерлі ісігі кіреді. Our World in Data-ның пандемияға дейінгі дерегінше, 2019 жылы қатерлі ісіктің әр түрінен 10,1 млн адам қайтыс болды. Бұл 1990 жылмен салыстырғанда бірден 75,1 пайызға артық.
Көбіне қатерлі ісік салдарынан ең көп адам шығыны Батыс-Тынық мұхиты аймағында (3,6 млн адам), Еуропада (2,3 млн адам) және Америкада (1,6 млн адам) тіркелді. Оңтүстік-Шығыс Азияда қатерлі ісіктен — 1,5 млн адам, Африкада — 533,6 мың адам, Шығыс Жерорта теңізі аймағында 477,4 мың адам қайтыс болды.
Қатерлі ісік түрлерінің ішінде 1990 жылмен салыстырғанда аналық без ісігінен (85%, 10,8 мың жағдайға дейін) және Ходжкин лимфомасынан (0,2%, 27,6 мың жағдайға дейін) кісі өлімі азайды.
Қатерлі ісіктен көп жағдайда 70 жастан асқан адамдар (4,9 млн-нан астам адам) қайтыс болады. 50-69 жас аралығындағы науқастардың 4 млн-ы, ал 15-49 жас аралығындағы 1,1 млн адам қатерлі ісіктен көз жұмды.
Балалар мен жасөспірімдердің статистикасына келер болсақ, 5 жасқа дейінгілер арасында 44,5 мың бала, 5-14 жас аралығындағы 54,9 мың бала онкологиялық аурулардан бақилық болған.