2018 жылдың 6 тамыз күні қалалық мәдениет үйінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты құттықтау рәсімі ұйымдастырылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі.
Іс-шара барысында қала әкімі Ғ.Әбдірайымов 7 номинация бойынша азаматтарды алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Атап айтар болсақ, «Жыл меценаты» номинациясы — «Арайстроймаркет-2003» ЖШС-ның директоры А.Еділбаев, «Туған өлке» номинациясы — «Жамбыл-жылу» кәсіпорнының директоры Ж.Бөлекбаев, «Жүректен жүрекке» номинациясы — «Өркен-Ниет» қорының директоры Б.Жұмаханов, «Жыл тұлғасы» номинациясы — «Логитех» ЖШС-ның директоры А.Скрамовский, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы — «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Р.Төлегенов, «Ерен еріктілік» номинациясы — «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жанынан құрылған «Темірқазық» волонтерлар қозғалысының көшбасшысы Е.Әбдиев, «Батыл жүрек» номинациясы — Тараз қалалық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің жол қауіпсіздігі полициясының аға лейтенанты С.Алашев құрметке бөленді.
Жомарттықты жолдас, мәрттікті жанына серік ете білген азаматтар қоғамда аз емес қазір. «Батыл жүрек», «Жылдың үздік ұйымы», «Жүректен жүрекке», «Туған өлке», «Жыл меценаты», «Ерен еріктілік». Бұл – қоғамдағы қандай да болмасын ізгілікті істен қалыс қалмай, қолында бар мүмкіндікпен бөлісіп жүрген жандарға берілген биліктің бағасы. Жалпы, Тараз қаласы бойынша осы азаматтардың тарапынан 2 млрд 472 млн.750 мың теңгеге 25 жоба іске асырылған.
Жиынға облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, «Нұр Отан» партиясының облыстық, қалалық филиалдарының, Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, жоғарғы және арнаулы оқу орындарының, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қалалық бөлімдердің басшылары мен қызметкерлері, білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысты.
Қолында барын қайырымдылыққа жұмсап, көмегін аямаған жаны жайсаң жандарға атқарушы биліктің айтар алғысы шексіз. Олар қандай қошеметке де лайық. Игі ісімен көпке үлгі меценаттарды құттықтау рәсімі концерттік бағдарламамен түйінделді.