Меркі ауданының әкімі қариялармен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады

0 4

Меркі ауданының әкімі Руслан Нұрсипатов Аспара ауылдық округінде болып,  қариялармен кездесті, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі. 

Кездесу барысында аудан әкімі өзін жиылған жұртқа таныстырып, тыныштық пен ынтымақтың арқасында барлық мәселелерді кезең-кезеңімен ел болып шешетіндігін айтты.

Кездесу барысында «Аспара-1» су бөгетін жөндеуден өткізу, асыл тұқымды қой басына берілетін субсидияның берілмеу себептері, Аспара ауылдық округіне тұрақты дәрігердің қажеттігі, ауылға келген жылжымалы дәрігерлік пунктінің дәрігерлері толық болмауы, оның әр ауылдық округте кем дегенде 2 күн қызмет етуін, ауызсу бағасының қымбаттығы, Құмарық ауылындағы Аспара көшесіне асфальт жол салып беру туралы мәселелер көтерілді. Аудан әкімі барлық көтерілген жайттар бойынша бөлім басшыларына нақты тапсырма беріп, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Жиын барысында ауыл қариясы  аудан әкімі Руслан Маратұлына толағай табыстар тілеп, ақ батасын берді.

Ал ауыл тұрғыны Нұржау Байжұманов ауыл мектебінің заман талаптарына сай жабдықталмай,  оқу кабинеттерінің тар екендігін, білім ордасының жөндеу көрмей, тозғанын айтты.


Өз кезегінде аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы жобалық-сметалық құжаттары дайын, 150 орындық мектептің жобалық құны 752 млн теңге құрағанын айтты. Енді жоғары жақтан қаржы бөлінсе, жұмыстары қызу басталып та кетпекші.

Келесі кезекте аудан әкімі Руслан Маратұлы ауылдық округке қарасты мектептің жай-күйімен танысты. Ауылда бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны жыл санап артуда. Былтыр 25 оқушы келсе, биыл 35 оқушы мектеп табалдырығын аттамақшы. Аудан басшысы кабинеттер мен  спорт залды аралап көріп, шынында мектептің қажеттілігі бар екенін айтты. Бұл жобаны облыс басшысының алдында қорғап, қаражат бөлінуін сұранатынын білдірді.

Бұдан соң аудан әкімі ауыл көшелерін көріп, әкімдік ғимараты мен дәрігерлік амбулатория жұмысымен, Аспара су бөгетінің жағдайымен  де танысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.