Жақында Күшаман ауылында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласы және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Социалистік Еңбек Ері Шынжарбек Өскенбаевқа арналып ескерткіш бюст орнатылды. Келешек ұрпаққа үлгі боларлықтай іс атамыздың ұрпақтарының демеушілігімен жүзеге асырылды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Социалистік еңбек еріне қойылған бюстің ашылуына ауыл әкімі Жандос Қуантаев, ауыл тұрғындары, қариялар және ата ұрпақтары мен көзін көрген азаматтар қатысты.
Алдымен ашылу салтанатында Ш.Өскенбаевтің көзін көрген Сайын Жұманов пен Әскербек Нұрмайыловтар және қыздары Алмагүл мен Разгүл Еңбек Ері туралы естеліктерімен бөлісіп, 1949 жылы атамыз Еңбек Ері атағын алған кезде үлкен той жасап, ұлттық ойын Көкпар өткізгендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ ауыл әкімі Жандос Қуантаев сөз алып, өткенімізді ұмытпай жастардың бойына сіңірсек, ол рухани жаңғырғанымыз.Сіздерге аудан, ауыл әкімшілігі атынан үлкен алғысымды жеткізгім келеді.Бұл ескерткіш бюст, ұрпаққа аманат болары сөзсіз деп, сөзін аяқтады.Содан соң ескерткіш салтанатты түрде ашылып, гүл шоқтары қойылды.
Шынжарбек Өскенбаев 1893 жылы Әулиеата уезіндегі 8 — ауылда, қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының Күшаман ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Коллективизацияға дейін өз шаруасында істеген. Ал 1932 жылы бұрынғы Шу кейін Көктерек ауданына қарасты Қызылту холхозында мүше болады. 1960 жылы өмірден өтеді.
Өмірінің 30 жылға жуығын қиыншылығы мен бейнеті мол шопан мамандығын игеруге жұмсаған. Осы жылдар бойы ол өзінің бар білгенін, қайрат — жігерін қоғамдық мал басын аман сақтауға, оның өнімділігін арттыруға ат салысқан. 1948 жылы жоғарғы көрсеткішке жетіп отарындағы 407 қаракөл елтірісінің бірінші сортын 98 % — ға жеткізеді. Осы еңбегі үшін СССР Жоғарғы Советінің Президиум 1949 жылы 12 шілдедегі Указымен Социалистік Еңбек Ері атағын алады.
Жиын соңынан кейін атамызға арналған құдайы тамақ беріліп,құран бағышталды.
Белгі тастың ашылу құрметіне орай ауылдық атшабарда ұлттық ойын командалық көкпар ұйымдастырылып, ойынға қатысушы командалар диплом және ақшалай жүлделермен марапатталды.