Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – ұлттық тарихымызға терең үңіліп, заманауи ғылым тұрғысынан қарайтын, бағыт бағдар беретін ел дамуы тарихына жарқын ой, тарихқа деген дұрыс ұстаным.
Қазақстан тарихы тұтастай болашақ ұрпаққа түсінікті болуы үшін және әлемде Ұлы дала тарихын нақты ғылыми деректерге сүйене отырып жаһандық тарихтағы өз рөлімізді дұрыс пайымдауда Елбасы Ұлы даланың жеті қырын айқындап берді. Мақаланың «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» бөлімі қазақ даласындағы материалдық мәдениеттің пайда болғандығын, бастау бұлағы екендігін Елбасы тағы еске салды. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді. Сондықтан, әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз.
Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзінде Ұлы даладан тарағаны белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі
энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.
Ұлы даланың ежелгі металлургиясы, сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері ежелгі заманнан Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастаған. Аң стилі феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады. Металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген. Осыған дәлел Қазақстаннан табылған алтын адам – жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге, бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті.
Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды. Бұл – тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды.
Сонымен қатар, Ұлы Жібек жолы – халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды. Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік империяларының аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді.
Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған.
Елбасы осы тарихи деректерге сүйене отырып Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Мақаланың тарихи сананы жаңғырту бөлімі, біздің дүниетанымымыздың өткені мен бүгініне және болашағына жол бастайды. Елбасы бұл жұмысты жүзеге асыру үшін бірнеше ірі жобаларды, Архив – 2025, Ұлы даланың ұлы есімдері, Түркі әлемінің генезисі, Ұлы даланың ежелгі өнері, технологиялары және музейі, Дала фольклоры мен музыкасы, Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі бағытында жұмыстарды жүзеге асырып, төл тарихымызды қайта жаңғыртып, бабаларымыздың ғажап өркениетін әлемге паш етуді көздейді.
Бұл мақаланың мазмұны рухани жаңғырудың жаңа компоненттері, ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Орынбаева Жанар Рымбекқызы
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты