Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасынан туындаған жоба өңірімізде пилоттық режимде жүзеге асуда
Қазіргі таңда халықтың табысын көтеріп, тұрмысын жақсарту – ең өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны даусыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлықтау рәсімінде және Үкіметтің кеңейтілген отырысында да осы мәселені ерекше атап өтіп, ол бойынша басым бағыттарды белгілеп, жаңа міндеттер жүктеген болатын. Бұл орайда өңірімізде көздеген мақсатқа қол жеткізудің тиімді тетіктері қарастырылып, баянды бастама қолға алынған болатын. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасынан туындаған жоба өңірімізде пилоттық режимде жүзеге асуда, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол бойынша жоспарлы жұмыстардың алғышарттары атқарылып, алғашқы нәтижелі қадам жасалынды. Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында осы туралы жан-жақты айтылып, бұған дейін тыңдырылған тірліктің нәтижесі тыңдалды. Жиынға аудан әкімдері селектірлік жүйе арқылы қатысып отырды.
Жаңа жобаның басты шарты – қолдау білдіре отырып, жеке қосалқы шаруашылықты тиімді табыс көзіне айналдыру, дамыту болып отыр. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өнімін еселеп көтеру, қайта өңдеуді дамыту, импортты алмастыру, азық-түлік бағасын төмендету, жұмыссыздықпен тиімді күресу, әлеуметтік көмекке жүгінушілердің санын азайту, жалпы ауылдың әл-ауқатын көтеруге жол ашылмақ.
Асқар Исабекұлы бұл жобадан Мемлекет басшысы мен Үкімет басшысы да хабардар екенін, олардың баянды бастаманы барынша қолдауға ықылас танытқанын айтып, ендігі кезекте облыс деңгейінде атқарылатын жұмыстарға күш салу керектігін жеткізді.
Аталмыш жиында облыс әкімдігінің ауылшаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашев баяндама жасап, облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасына қатысты көрсеткіштерге тоқталды.
Айта кетейік бұған дейін өңір басшысының өзі бастаған жұмысшы топ барлық ауданды, ондағы түгел ауылдарды аралап, түгендеу жұмыстарын жүргізген болатын. Жұмысшы топтың қатысуымен облыстың 130 мыңнан аса ауласы түгенделіп, қолдаудың нақты есептері шығарылды. Ауладағы құрылысты есептемегенде 18 060 гектар жер телімі бар екендігі анықталған. Оның 10 833 гектары пайдаланылса, 7 227 гектары пайдаланылмайды. Тіпті пайдаланып отырған жерлердің өзі төмен тиімділікті көрсетуде, сол себептен алынған өнім нарыққа да сатылмайды екен.
Басқарма басшысы жаңа жобаның бес бағытына тоқталып өтті. Олар: үй іргесіндегі жерді, ауладағы мал шаруашылығын, тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану, кооперативтер құру, тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру болып табылады. Бұл орайда, бесінші бағыт аясында облыстың барлық елді мекендерін жаппай мониторингілеу барысында жалпы сомасы 17 млиллард теңге болатын 6 мыңнан астам шағын жобалар анықталғанын айта кеткен жөн.
Өңір басшысы облыс тұрғындарының алпыс пайызы ауылды жерде тұратынын, ол халықтың тұрмыс сапасын арттырудың үлкен мүмкіншілігі екендігін атап өтті. Себебі, әрбір ауылдық аула шын мәнінде – табыс көзі деген Асқар Исабекұлы барлық есептеулер мен нақтылауды бір жүйеге түсіріп, тиісті жұмыстарды уақыт созбай бастап, бастапқы нәтижеге ағымдағы жылы-ақ қол жеткізу керектігін қадап айтты.
Бұл бойынша алдымен әр ауданда белгілі бір елдімекендерге пилоттық жоба енгізілетін болады. Көп ұзамай-ақ өңірдің барлық елдімекен тұрғындары да баянды бастаманың игілігін көреді деп күтілуде.