Бердібек Сапарбаев Шу ауданының ауылдарын аралады

0 23

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Шу ауданына барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты, — деп хабарлайды “ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы Ақсу ауылдық округіне ат басын бұрып, «Өтеул» шаруа қожалығының жұмысын барлады. Шаруа қожалығының басшысы Шамиль Сәрсенбаевтың айтуынша, биылғы егістік нәтижесінде олар 450 гектар жерге арпа және дәл осындай аумаққа күздік бидай сепкен. Бүгінде қожалық дәнді дақылдарға орақ түсіре бастаған десек, бидайдың орташа шығымы гектарына 23-25 центнерден, жаздық арпа 18-20 центнерден айналуда.

Шаруашылықта  өз қаражатына сатып алынған алты трактор, екі комбайн және басқа да қажетті техникалар бар. Он адам тұрақты негізде жұмыспен қамтылған, қосымша тағы 15 адам далалық жұмыстарға тартылуда.

Қожалық мал шаруашылығымен де айналысады. Атап айтқанда, онда жылқы, ірі қара малы, сонымен қатар қой өсірілуде. Шаруашылықтың бордақылау алаңында жыл сайын 30 шақты ірі қара малы байланып, өнімдер Меркі ауданына өткеріледі. Сүт өнімдері мен қымыз да жеткілікті деңгейде.

Аудан әкімі Нұржан Календеров атап өткендей, әр ауылда күніне екі тоннаға дейін сүт қабылданады. Өкінішке орай, аймақтағы жалғыз сүт өңдеу кәсіпорны «Айшот» ЖШС-і де өз жұмысын тоқтатқан. Бердібек Сапарбаев Н.Календеровке аталған мәселені уақыт созбай шешуді тапсырды.

Бұдан соң облыс әкімі мия тамырын өңдеумен айналысатын «KazMia» ЖШС-де болды. Бұл өнімге сұраныс та жеткілікті, өткізу нарығы да қамтылған. Алайда, бүгінгі таңда кәсіпорын шикізаттың төмен сапасына байланысты қиындықтарды бастан кешуде. Биыл мия тамыры 250 гектар жерге отырғызылды десек, енді олар өнімнің негізгі импорттаушысы болып табылатын Жапониядан шикізат сапасын бақылау нәтижелерін күтуде. Егер сапа ойдағыдай болса, компания мия тамырын өсіру аумағын кеңейтуге ниетті.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Ақсу ауылдық округіне қарасты Оразалы батыр ауылына барып, жергілікті фельдшерлік-акушерлік станцияның жай-күйімен танысты. Нысан 2013 жылы салынған десек те, қазір ғимарат күрделі жөндеуді қажет етуде. Облыс әкімі есіктер іргетасының шөгуіне байланысты қабырғаларда үлкен жарықтардың  пайда болғандығына көз жеткізді.

Ескішу ауылдық округіне қарасты Белбасар ауылында аймақ басшысы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, былтыр пайдалануға берілген спорттық-сауықтыру кешенін аралап көрді. Нысан осы ауыл тумалары Сауранбаевтар отбасының демеушілік қаражаты есебінен бой көтерген. Онда фитнес залы, 200 орындық шағын-футбол алаңы, бокс, күрес залдары, төрт кабинет, асхана, киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары қамтылған.

— Мұндай спорт кешендері барлық аудан орталықтарын бар дей алмаймыз. Ал шағын елді мекендер мен ауылдарда тіпті жоқ. Сондықтан ауыл тұрғындары бұл нысанды күтіп ұстап,   мұқият қолданып, бағалай білу керек, — деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Шу қаласы Сәтпаев көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйлерді қалпына келтіру және орташа жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Жалпы, қалада 118 көп қабатты тұрғын үй бар десек, оның 84-і — екі қабатты, үшеуі үш қабатты, 10 — төрт қабатты, 21 — бес қабатты. Барлық үйлер әділет органдарымен тіркеліп, кондоминиум мүшеліген өткен.

ТКШ жаңғырту бағдарламасы аясында 27 тұрғын үй жөнделіп, жұмыстардың жалпы сметалық құны 195 млн 497 мың теңгені құрады. Оның ішінде 19 үй республикалық бюджет қаражаты, сегіз үй қайтарылатын қаражат есебінен жөнделген. Ағымдағы жылы тағы үш үйге жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілген десек, оның сметалық құны — 19 млн. 260 мың теңгеге айналған.

Бердібек Сапарбаев Шу қалалық емханасында болып, жергілікті тұрғындармен әңгімеге тартты. Олар өз кезегінде медицианылық мекеменің жұмыс істемейтін флюорография және рентген кабинеттеріне қатысты шағымдарын жеткізді. Сол себепті, шулықтар аудан орталығына барып, ақылы тексерілуге мәжбүр. Емхана басшылығы жабдықтардың кідірісін электр желісінің төмен кернеуінен орын алып отырғандығын түсіндірді. Облыс әкімі аудан мен емхана басшылығына бұл мәселені бақылауға алып, алдағы уақытта қалай да шешуді тапсырды.

Облыс әкімі Алға ауылдық округінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында алға жаңа тұрғын үй алқабында инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстарымен, сондай-ақ Амангелді атындағы орта мектеп ғимаратының құрылыс барысымен танысты. 1961 жылы бой көтерген нысан апатты жағдайда. Нысанның жобалық құны 844 миллион 689 мың теңгені құрайды. Мердігер – «Лидер НК» ЖШС болып табылады. Бүгінгі таңда бірінші қабаттың құрылысы аяқталуға жақын, жұмыс қызу жүргізілуде.

Аймақ басшысы барған келесі нысан – қуаттылығы 100 МВт/сағ. болатын «M-Kat Green» күн электр станциясы болды. Ол тәулігіне 500 МВт энергия өндіреді десек, оны келісімшартқа сәйкес «KEGOK» акционерлік қоғамы ҚҚС-сыз 34,61 теңге бағамен сатып алуда. Жоба құрылысына 200-ге жуық адам тартылса, ал пайдалануға берген соң 14 қызметкер  техникалық қызмет көрсету және 31 адам нысанды күзету үшін тұрақты жұмыспен қамтылған.

Облыс әкімі Меркі-Шу-Бурылбайтал жолының құрылыс барысымен танысты. Шу ауданына бұған дейінгі жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаевқа аталған жолдың мердігерлері осы жылдың аяғына дейін бір бағытты пайдалануға беруге уәде берген болатын. Дегенмен, бүгінгі жұмыс қарқыны ол уәденің орындалуына күмән туғызуда.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айжан Туғанова жұмыс карантиндік шараларға байланысты тоқтатылғанын және эпидемиологиялық жағдай жақсарғаннан кейін ғана жалғасатынын түсіндірді. Сонымен қатар, жол қызметкерлері жоғалған уақыттың орнын толтыруға тырыспақ.

«Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы аумағында өңір басшысы АЭА басшылығымен қомақты қарды салынған үлкен жобаны жүзеге асыру барысын талқылады. Бердібек Сапарбаев  2016 жылы бастау алған кеңейтілген жұмыс кестесіне қатысты бірқатар сын айтты. Мәселе мұқият талдауды қажет етеді, содан кейін  ғана тиісті қорытындылар мен шаралар қабылданатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.