Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапары барысында ол М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұжымға университеттің жаңа ректоры Талғат Ешенқұловты таныстырды.
Асхат Аймағамбетов Талғат Ешенқұловтың білім беру саласындағы мол тәжірибесін ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттемелерді ұжыммен бірге ойдағыдай орындайтынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Талғат Ешенқұлов университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында стратегиялық міндеттерді шешуге бар күшін салатынына сендірді.
Асхат Аймағамбетов бұған дейін университет ректоры қызметін атқарған Махметғали Сарыбековке жемісті жұмысы үшін алғысын білдіріп, оның білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті.
— Еліміздің болашағы мұғалімдердің кәсіби шеберлігі мен біліктігіне байланысты. Сіздерге үлкен үміт артылып отыр, өйткені сіздер өз білімдеріңізді Отанымыздың болашағы үшін еңбек ететін ұрпақты лайықты тәрбиелеу жолында жұмсайсыздар. Сізге өте маңызды міндет — жоғары білікті мамандарды даярлау тапсырылды, — деді облыс әкімі жиналғандар алдында.
Кездесу барысында білім сапасы, дуальды оқыту, түлектермен байланыс, ғылыми жобаларды дайындауға қатысты мәселелер талқыланды.
Бұдан соң Асхат Аймағамбетов пен Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы мектеп директорларымен кездесті.
Аймақ басшысы жыл сайын облыста жаңа мектептер салынып, тозығы жеткендері күрделі жөндеуден өтіп жатқандығын атап өтті. Жаңа оқу жылының дәстүрлі форматта басталу мүмкіндігін ескере отырып, Президент тапсырмасына сәйкес мектептердің балаларды қабылдауға дайындығы пысықталуда.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес білім саласында қолға алынған реформалар өз жалғасын табатын болады. Бұл бағытта Жамбыл облысында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. PISA (математикалық сауаттылық деңгейін бағалау), TIMSS (математикалық және жаратылыстану ғылымдарының сапасын зерттеу) халықаралық зерттеулерінің талдауы облыстың жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгенін көрсетіп отыр, — деді Асхат Аймағамбетов.
Ол өз сөзінде білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне назар аудартты.
— Облыстың барлық мектептерінде бақылау камералары орнатылып, жылы санитарлық тораптармен қамтылған. Мектептер кезең-кезеңімен авариялық дабыл түймелерімен, турникеттермен жабдықталады, камералар облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығымен интеграцияланатын болады. Әр баланың деректері енгізілген әлеуметтік карталар ашылуда, — деді облыс әкімі.
Асхат Аймағамбетов министрлік жүзеге асырған бірнеше жобалармен таныстырып, мұғалімдер мен мектеп директорларын іріктеудің жаңа ережелері қабылданатындығын жеткізді.
Министр мектеп директорларынан білім беру мекемелеріндегі бюрократияны жоюды талап етті. Министрлікпен білім беру ұйымдарының педагогтарының жүргізуі міндетті құжаттардың нақты тізбесін бекітіпті.
— Бұйрыққа сәйкес күн сайын тек екі құжат толтырылуы тиіс. Сол екі құжат бойынша жұмыс істеу маңызды және мұғалімдердің жұмысын қолдан қиындатпау керек. Олардың басты міндеті – сабақ өткізіп, балаларға білім берумен айналысу. Мұғалімдерді сабақтан тыс жұмыстарға тартпаңыздар. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтып келеді, — деді ол.
Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев та мектеп директорларына тәрбие үдерісіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Кездесуге қатысушылар өз ұсыныстары мен сұрақтарын ортаға салды.