Білім саласындағы сұранысқа ие білікті маман даярлау

0
23

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында 1-қыркүйек күні жарияланды.

Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі негізгі даму мақсаттары жайында айтты. Жолдаудың басым бөлігі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналды.

Жолдауда ел болашағының кепілі болып саналатын Білім саласы назарсыз қалмады. Мемлекет басшысы ел экономикасын көтеруді білім саласынан, яғни еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлаудан бастауды айқындап берді.

Жолдаудың «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму» деп аталатын 2-ші бөлімінде

«…Ұзаққа созылған мұнай дәуірі аяқталған сияқты. Әлемдік нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу керек. Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ….-деп баса айтты. Сондай-ақ еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек екендігін, оның негізгі бағыттарының бірі «Жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі» деп атап көрсетті. Ал, білікті маман даярлау қашан да білім беру саласының еншісінде.

Сондықтан, білікті маман даярлаудың да басты бағыты айқындалды. Жолдаудың «Қолжетімді әрі сапалы білім» деп аталатын бесінші бөлімінде «…біз кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн. Кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға басымдық беріледі. Сол себепті «Кәсіпкерлік негіздері» атты пән мектептен бастап жоғары оқу орнына дейінгі барлық білім беру сатысында оқытылуы керек» деді.

Білім берудің болашағы қоғамның даму үдерісімен, білімнің ғылыми интеграцияға ұмтылуымен, қоғамда жинақталып жəне үнемі өсіп отыратын, ақпарат көлемінің əр түрлі тегімен анықталатыны белгілі. Заман талабына сай ел экономикасын арттыруда қазіргі заман жастарының саналы, әрі кәсіби білім алуы мен іс-жүзінде тиімді қолдануы маңыздырақ бола бастады.

Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация оқытушысы — педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, шығармашыл тұлға. Сондықтан мемлекет басшысы азаматтардың сауаттылығы мен цифрлық біліктілігіне де баса назар аударды.

«Азаматтардың сауаттылығы мен цифрлық біліктілігін арттыру мақсатында Үкіметке Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл құжатта бейресми білім берудің баламалы нұсқаларын көптеп енгізу, өз бетінше оқу нәтижелерін мойындау, кәсіби дағдыларды сертификаттау мәселелерін қарастыру қажет»-деп атап өтті.

Интеграция мен ғаламдастыру қатар жүріп келе жатқан бүгінгі таңда жоғары оқу орындарындағы білім берудің сапасы мен деңгейін жан-жақты көтеріп, жаңаша ойлайтын, оқыту мен тəрбиенің жаңа технологиясын күнделікті жұмысында қолдана білетін ұстаздардың ғана жұмысы жемісті болмақ. Сондықтан, Жолдауда елдің дамуының басты тетігі болып табылатын — ғылым саласын дамыту туралы да айтылды.

Сондай ақ, ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты. Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Мемлекет басшысы Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды.

«Ірі бизнес өкілдері өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қамқорлыққа алса, нұр үстіне нұр болар еді»-деді.

Иә, бізге елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет. Оның басты міндеті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ.

Заман ағымымен таласа дамып, өркендеп, саналы, кәсіби ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қосып келе жатқан М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті басшылығымен қоса, бөлімше мамандары да, профессорлық-оқытушылық құрам да бұл өзгерістерге елең етіп, жаңа өзгерістерге өз үлестерін қосуға құлшына кірісіп бағуда. Кезекті жаңа жолдаумен халыққа жеткізілген жаңа бастамалар біздің университетіміздің де жаңа белестерді бағындыруына үлкен үлес қосары анық.

«Экономика және бизнес» э.ғ.к., доцент факультетінің деканы С.Қожабеков

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here