Күніне бір сағат теледидар көрудің өзі зиян

0 21

Адамзаттың денесі ұзақ отыруға жаралмаған. Сондықтан ұзақ отырып теледидар көру мен одан алған ақпараттан бөлінген гормон адам ағзасына көптеген зиян әкеледі. Осылай дейді Ұлыбритания ғалымы, хирург-ортопед Джордж Ампат.

Аталмыш ғалым – Британия қоғамдық медицина орталығының директоры әрі Ливерпуль университетінің құрметті лекторы.

Ғалымның айтуынша, қазіргі адамзаттың денсаулығына зор зиянын тигізіп жатқан фактордың бірі – көп отыру. Содан артериалды қан қысымы, жүрек пен қан тамыры, буын аурулары көбейген. Ақыл-ой қабілеті де нашарлаған көрінеді.

«Егер ота жасатуға келген науқастардың 60 пайызы күнделікті жүріп-тұруға, көбірек қимылдауға, жаттығу жасауға мән берсе, операция жасатпай-ақ жазылар еді», — дейді ғалым.

Ағылшын ғалымы пандемия кезіндегі адам денсаулығының жалпы жағдайына талдау жасап, арнайы зерттеу жұмысын жүргізген көрінеді. Әсіресе, телебағдарламалардың, ақпарат сервистері мен онлайн-контенттің адам денсаулығына тигізер әсеріне мән берген.

Ампат мырзаның тұжырымдауынша, теледидар алдында ұзақ отыру адамның денсаулығына да, сана саулығына да зиянын тигізеді.

«Біздің ата-бабамыз аңшы, терімші, қимылдың адамы болған. Ал қазіргі отырықшылық салты ағзаға кері әсер етіп жатыр. Жеген тамақ қорытылмай, ағзаға залал келтіруде. Оның үстіне, теледидар не басқа да ақпарат сервистері арқылы қандықол, негативті, драмалық сахналарды көп көретін болдық. Теледидардың басым бөлігі – қатігез сцена. Мұндай ақпаратты көргенде адамның секреция безінен стресс гормоны бөлініп, қанында қант пен глюкоза деңгейі көбейіп кетеді. Бұл өз кезегінде жүрек, қан тамыры ауруларына, басқа да созылмалы қабынуларға әкеледі», — деп түсіндіреді ғалым.

Зерттеушінің айтуынша, бір сағаттық отырыс адам өмірінің 11 минутын қысқартатын көрінеді.

Британ ғалымы аталмыш зерттеу жұмысын келесі айда Ливерпуль университеті ауруханасының терапевт пен хирург мамандарына ұсынбақ.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.